Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  232


Автор: Әбділда Тәжібаев

Әке

Оңды еді-ау әке деген жасымызда,
Түскен соң енді білдік басымызға.
Шалды шал отыратын көкешім деп,
Болсайшы әлі де әке қасымызда.
Ұстазым есейгенше әкем еді,
Өмірге өзі бастап әкеп еді.
Үйретті ол: алысқа да, жуыққа да,
Үйретті ол: ыстыққа да, суыққа да.
Үйретті ол: кедейлікке арланбасқа,
Ар сатып, иман сатып жалданбасқа.
Үйретті ол: жат сөзіне алданбасқа,
Үйретті ол: дос сөзіне шамданбасқа.
Үйретті ол: атқа соқа жегуді де,
Үйретті ол: жерге дақыл себуді де.
Үйретті ол: сыйласуды құрбылармен,
Үйретті ол: алуды да, беруді де.
Мақтанар екеуміздің байлығымыз
Болатын сом темірдей саулығымыз.
Барында аяқ пенен қолда қуат
Білмеуші ек қажытатын қайғыны біз.
Демейтін жолым байтақ, қолым қысқа,
Жегіліп кетуші еді әр жұмысқа.
Үйретіп көрік басу, темір соғу
Етуге құмар еді мені де ұста.
Кетті ол ұлын біраз сүйретті де,
Өнерін бойындағы үйретті де.
Көрдім мен өкінішпен жұмды көзін
Күйігін шыдамына билетті де.
Қалдырды маған жүдеу патшалығын,
Қашаннан қазынасыз ақшалығын.
Қалдырды жарқылдаған жарқындығын,
Сенімді серігі етіп жас шағымның.
Әкесіз сан сүріндім, сан құладым,
Көп екен тіпті алдымда сыналар күн.
Сонда да өкінбедім, өксімедім.
Жеңілдік бұл өмірден сұрамадым.
Білмедім ажалдың не екендігін,
Арқалай баса бердім қатер жүгін.
Сескенбей кәзір де мен қимылдаймын
Тұрғандай қасымда әлі әкем бүгін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу