Өлеңдер ✍️

  05.08.2026
  139


Автор: Әліпов Айтбек Рымбекұлы

ҚАПЕЗ АҒА

(Алаш арысы, ағартушы-педагог, әнші-композитор Қапез Байғабылұлына)


 


Албаннан туған арда ұл ең, Қапез аға,


Халқың үшін маздап жанған мәңгі шырақ.


Жастайыңнан білім іздеп, өнер қуып,


Жүрдің елге жол нұсқап, сәуле шашып.


 


Мектеп ашып, бала оқыттың, шам жақтың сен,


Надандықтың түнегіне таң атқыздың.


Алаш деп соққан жүрек, асыл мұрат,


Біліммен ел еңсесін самғатқыздың.


                 


Қайырмасы:


Қапез аға, халықтың дара ұлы,


Өшпес мәңгі жүректерде жанарың.


Жақсылықтың мәуелі бір бәйтерегі,


Ұрпағыңа аманат боп қалады атың.


 


Зұлмат жетіп, аштық жайлап Арқа жерін,


Босқын болып көшіп келді талай елім.


Алпыс үйге құшағыңды айқара ашып,


Жылыттың сен мейіріммен жаралы көңіл.


 


Артель құрып, адал еңбек жолын бердің,


Үміт жақтың, тіршіліктің шамын жақтың.


Бір үзім нан бөлісудің өзі ерлік,                    2-рет


Адамдықтың асқар шыңын сонда таптың.


 


                     Қайырмасы:


Қапез аға, халықтың дара ұлы,


Өшпес мәңгі жүректерде жанарың.


Жақсылықтың мәуелі бір бәйтерегі,


Ұрпағыңа аманат боп қалады атың.


 


Қара бұлттай қаптап келді зұлмат заман,


Жазықсызды жазалады қатыгез заң.


Алаш деген арыстарды,


Темір торға қамап бақты.


 


Қайырымды елдің қадірін,


Білмеді ме сұм заман.


Оққа байлап арысты,


Жаралады намысты.


 


«Халық жауы» деген жалған жаламенен,


Қия салды қанатынды қатыгез жан.


Озбырлықпен тәніңді алды,


Рухына бірақ жете алмады.


 


Бір уақыт ақиқатты қайта ашты,


Ар тазасы ешқашан жоғалмайды.


Ақталдың сен, атың қайта асқақтады,   2-рет


Ерлер өлмес – ел жадында мәңгі қалды.


 


 


Алаш рухы асқақтайды атыңменен,


Өнегең бар ұрпағыңа саф үлгі боп.


Қапез аға, мәңгі жасап жүректерде,


Елің айтсын ерлігіңді ән-жыр қылып.


 


Алаш үшін туған ерлер,


Елмен ғана өлшенеді.


Алпыс үйге пана болған,


Бір Қапездін өнегесі.


 


                   Қайырмасы:


Қапез аға, халықтың дара ұлы,


Өшпес мәңгі жүректерде жанарың.


Жақсылықтың мәуелі бір бәйтерегі,


Ұрпағыңа аманат боп қалады атың.


 


Сөзін жазған: Айтбек Рымбекұлы ӘЛІПОВ.


 


Астана қаласы, шілде 2026 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу