25.06.2026
  148


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Өмір нұры

 


       Ұзақ сапардың екінші тәулігінің талма-түсіне асқанда адуын адымдай екі иінінен дем ала зіркілдеп келе жатқан поезд жүрісті бәсеңдетті. Бара-бара вагон іші сиреп көр-жер дүниелерін, бунақ-түйдек нәрселерін қолтықтап, көтеріп түсіп жатқан адамдар қарасы көбейді.


   Жолға шығарда үлкен шаһарға барам-ау деген желіктілеу көңілі енді суи қалған Зекен вагон терезесіне жабысқан қалпы шешесінің тәптіштеп айтқан ақыл-кеңесін ойда қайталап тұр. "Е, мені кім қол жайып тосып отырсын мұнда" деп сүлесоқтау қисая кетті.


    -  Келдік, міне, Алматыға да!  -  деді осы кезде мосқал орыс әйелі орнынан қозғалақтап.


     Зекен де көппен ілесіп вагоннан тысқа беттеді. Чемоданнан көтере вокзалға ене бергені сол еді аласа бойлы, кең жауырынды, көзінде нұр ойнаған қара торы біреу қарсы күліп келе жатты. "Бұл неге күледі маған, әлде басқа біреумен шатастырып тұр ма екен" деген ой оның бойынан ілезде жалт берді. Зекен тоқырамай, әрі адымдай түскен еді, әлгі адам бұрыла бере қолына жармасты.


      -  Сен, қарағым, Зекенсің ғой!


              -  Зекен шошып кетті. Мынау мені қайдан біледі ей?! Үлкен қалаларда жүліктер болады, аты-жөніңді әбден біліп алады да былай шығарып алып, ішібаурыңа кіріп, өзіңді мұрттай ұшырады да тонап кетеді деген қаңқу сөзді талай мәрте құлағы шалған ауыл баласы, қорқайын деді.


               Бірақ бойында күш-қуат тепсіне бастаған, бастан сөз асырмайтын тентек шаққа жеткен неме. "Осы шал маған не қыла қояр дейсің, жалғыз болса, көріп алдым" деген оймен қитыға қалды.


            -  Ия, Зекенбіз!


            Анау сөз айтпастан құшағына қыса кетті.


             -  Апамның өзі, айналайын! Менің өзім, тура айнадағы қалпым. Ну ладно, көп тұрмаймыз. Поехали үйге!


           Жаңағы жүзі жылы мосқал адам Зекенді анадай жерде тұрған сүліктей сұр "Волгаға" жетелеп ала жөнелді.


           -  Мен нағашыңмын, қалқам,  -  деді ол жол үстінде. Алматыда шешесінің тұрған інісі тұратынын талай естіген Зекен оның жүзін өмірінде бір рет көрсе ше! Бала кезінде тіпті аяғын тапыл-тұпыл басып жүргенде осы жақта жол-жөнекей бір тығыз шаруасы болып келіпті де бұл кісі туған жерге ат ізін көп сала бермепті.


                Үнемі көріп, көзайым болмағандықтан адам көңілі суыса береді ғой. Мына кісі Зекенді қанша айналып-толғанып отырса да бұл еркін сөйлесуге шорқақтай берді.


           Сөйткенше болмай сұр "Волга" сумаң етіп үй-үйдің тасасынан шыға келді. Көшедегі жазуға ұрлана қараған Зекеннің анасы берген адрес бойынша келгеніне көзі енді анық жетті.


          -  Нағашыңның әйелі орыс, кірпияз мінезі болса кешіре сал, қоңқ етпе, ауылдағы арындау мінезіңді көрсетпе. Кісі есігі тоң темір, ерітуге ер керек, дейді бабаларымыз, тіл білесің, жұмсағанына жүгіре сал, әйтеуір ақылды бол,  -  деп баласы үйден шығарда көзіне жасын сығып қалған.


           -  Сен жаманға оқу қажет бола қалған екен. Итке темір не керек дейді. Сен оқуды қой да жұмыс қыл!  -  деп өгей әкесі шытынап шыға келді.


         Шеше байғұс шыр етіп ара түсті.


          -  Онда не жұмысың бар. Саған салмағын түсірмес. Алматыға барса, нағашысы  көмектеседі. Осыдан бір баламды оқытпады бар ғой, есігін ашпай кетейін!


              Шешесі көзіне ызадан жас үйіргенде Зекеннің жүрегі жұлынып кеткендей болды. Содан алды-артына қарамай үйден атып шыққан. Соңынан шешесі де іле шығып, ұзай берген бұған манағы сөздерді айтып ілесті. Көзіне жас үйірілген Зекен артына бұрылып қарамастан адымын жиілетіп, тезірек сытылуға тырысты. Көз жасын кемкөңіл анаға көрсеткісі жоқ.


             ...Енді нағашы үйінің төрінде отыр.


             Жеңгесі мұны күтіп тұрғандай, нәп-нәзік ернімен төрге аттай бере маңдайынан сүйген. Әуелгіде ерсі көрінген еді, әкелік мейірден қағажу болып өскен оған енді әлгі сезім әсер еткендей, шыны ма деген күлікпен жеңгесіне көз астынан қарап қойды.


               Ол сөйлеп отыр. Бұл үнсіз ғана жауап қатып, тура қарай алмай, құлақ ұшына дейін қызарып, дәрменсіз бірдеңелерді айтқан болады. Нағашысы мұны әкелген соң: "Менің асығыс жиналысым бар. Осында бол, көшеге шығам демей-ақ қой. Ертең өзім қаланы аралатып көрсетермін" деген де кете барған.


           -  Қай оқуға түспек ойың бар?  -  деді Нина тәтесі мұны тағы да әңгімеге тартып.


           -  ҚазПИ-ге...


           -  Е, мұғалім болмақ екенсің ғой.


           Әңгіме одан әрі ширамай қалды. Нина Ивановна оның қысылып отырғанын сезді де ас үйге шығып кетті.


            Енді Зекен абажадай бөлмеде жалғыз қалды да үйді еркін шола бастады. Бәрі орнықты, тап-таза, мұнтаздай жинақы. Тыңғылықты, күтімді қолды танытады. Енді анасының бұлар жайлы әңгімелері ойына түсе бастады.


           Соғыс басталғанда осы нағашысы Ғабит аудан орталығында қызмет еткен көрінеді. Азамат атаулы Отан қорғау жорығына аттанғанда бұған да шақыру келеді. Әлі үйленбеген жап-жас жігіт ағайын-туғанымен, ауыл-аймағымен қоштасып басқа ағаларының ізімен батысқа жол тартады. Бұлар қанша жүргенін кім білсін, үздік-создық сапарда бір тоқтап, бір жүріп, әйтеуір Қазанға келеді. Сонда біршама әскери жаттығудан өткен соң бұларды қып-қызыл оттың ортасына, майданға ала тартпай ма.


               Зұлым жауды апанына қайта тығып, соғыс сынды қырғынға нүкте қоюға бір жылдың жүзі қалғанын бұлар қайдан білсін, әйтеуір жауды тықсырып, бара жатты.


              Бір күні жаздың шуақты шағы еді, бұлар шұғыл арада поезға мініп, келесі бағытқа жөнеген. Жауынгерлер бірі ән салып, бірі елде қалған ата-анасын, баласын, жарын ойлап қамығып-мұңайып отырғанда бұл үнсіз еді. Аз жүрді ме, көп жүрді ме кім білсін, бір кезде тап ортадан жай түскендей, астан-кестендері шықты. Вагондар аспанға ұшып, айнала жалын құрсай бастады. Бірі ыңырсып, бірі бақырған ащы дауыстар, боқтық пен айқай құлақ тұндырады.


          Ғабит есін госпитальда жиды. Көрер жарығы алда екен, тірі қалған азын-аулақтың санатында болып шықты. Немістер қойған мина жарылып олардың эшелоны тас-талқаны шығып қираған екен.


         Бұл госпитальда ұзақ жатты. Ел-жұрттан хат-хабар жоқ. Өзі де ата-анасын қуанта қоярлық халде емес, не жазады? Халі ауыр, не көз жұмары, не жер басып жүрері беймәлім. Ақырын тосып алдым дегенді түйген ол үн-түнсіз жатып алды.


             "Үш күннен соң көрге де көз үйренеді" демекші, жарты жыл сарылып жатқанда біраз көндігіп, төселіп алды. Ауру қанша жанына батса да қыңқ етпей, қайсарлықпен шыдады. Біреулер "Енді мен кімге керекпін, сорлы болдым-ау!" деп те азынайтын, немесе "Менің Марусям әйтеуір тірі келгеніме қуанады" деп мына мүгедек қалпына еті үйреніп, артында қалған жарын аңсайтын болса, бұған бәрібір. Нар тәуекел!  -  дейді де күнұзақ сұр төбеден көз алмай жатады. Жататыны  -  белі қозғалтпайды. Астындағысы мамық құстөсек емес, бел бүктірмейтін жалпақ тақтай. Құстөсекпен көрпені ұмытқалы не заман!


                  Осында әдеміше келген сұңғақ бойлы, мүсінді сестра бар. Нина есімді осы қызды әркім әртүрлі атайды. Егер сақа жауынгерлер: "Қызым!" деп шақырса, жастаулары "Көк көз!" дейді немесе "Құрбым!" дейді, әйтеуір соңғылары бұған бір тіл қатып қалмаса тұра алмайды.


           Тіл қатпайтын жалғыз Ғабит қана. Жоқ, мұнда сезім жоқ емес. Ол да бірдеңе дегісі келеді. Бірақ, не айта алар? Орыс тіліне жүйрік және көңіл көкжиегі кең, оқыған, білімдар болса да тіл қатарға дәрмені жоқтай қазақи ұяңдығы бөгей береді.


               Нина болса палаталарды аралап келіп, мұның да хал-жайын біліп кетеді. Және басқалардан соң келеді. Мұның жанында ростовтық сақа жауынгер жататын.


          -  Әй!  -  деді бір күні мұны өзіне қаратып.  -  Біле-білсем, осы қыздың жүрегі сен деп соғады. Нанбасаң ұстап көрші.


             -  Қойшы, мені қайтсін,   -  деді бұл ерін ұшынан болар-болмас қана тіл қатып.


            Ғабит аса сұңғақ жігіт болмаса да қараторының кескіндісі. Әсіресе көздерінде адамды баурап тұратын жылы мейірім үнемі шуағын шашады.


              Ертеректе әзілдескен жарандары:


              -  Сен осы көзіңмен-ақ талай қыздың жүрегіне шоқ саларсың,  -  дейтін.


              Қыздың сыры қиянда ғой. Алайда осы Нина палатаға кірген бетте жүзін басқаларға бұрғанымен алдымен өзіне көз салатынын Ғабит аңғара бастады.


            Сонымен оны госпитальдан шығаратын күн де келіп қалды.


            Буыншақ-түйіншегін жинап, есікке енді беттей бергенде артына қараған. Нинаның терезеге жабысып тұрғанын аңғарып, жүрек тоқтатты да қасына келді.


          -  Ал көріскенше сау боп тұр. Көк көзім!  -  деп қайта бұрылды.


          Осы кезде Нина бұған:


           -  Менің жатақханамнан дәм тата кетіңіз  -  деген жалғыз ауыз сөзін ғана айтып қалды. Бәрібір мылтық ұстауға енді жарамсыз деген қорытындымен шыққан бұған асығар ештеңе жоқ-ты.


             Сол жұпыны дастарқан басындағы жалғыз сұхбат бұлардың балғын махаббатының бастауы болды. Екі жүрек мәңгілікке ұғысты, бір дүрсілмен соғуға, ғұмыр бойына соғуға серттесті.


             Мұнда тәп-тәуір қызмет атқарған Ғабит Алматыға жұмыс бабымен ауысқалы да жиырма шақты жылдың жүзі болып қалған. Ағалары майданнан оралмаған, ата-анасы дүниеден өткен. Адамда арман көп, оларға өз қолымен топырақ сала алмай арманда болды. Бір туғаннан жалғыз апасы тірі.


             Мына баласы аумаған өзі. Баяғыда апасын іздеп келгенде тілі шыға қоймаған ерке енді соқталдай азамат болыпты. Жалғыз апасын аузынан тастамайтын Ғабит оның алғашқы ері дүние салып, екінші күйеуінің ұрда жық мінезі үшін аса араласа алмайтын.


              Мұны өзі қосып, өзі үйлендірмегеніне өкінетіндей-ақ бірде ауылға барғанында:


          -  Орыс алған оңбаған!  -  деп ойнаған болып шүйліккені бар-ды. Содан бері "Балдыз, балдыз" деп ішіп алғанда телефон соққанымен жүрегі жібімей-ақ қойған.


          Қайта Нина:


           -  Жалғыз апаң емес пе! Соның сөзін де сөз деп. Апаңды ардақтасаң болды. Ит не деп үрмейді,  -  деп мұны иліктіруге тырысатын.


           ...Зекен іші пысып, маужырайын деген. Осы кезде Нина тәтесінің өзінен де көз аудармай қарап тұрғанын сезді де қатты қысылды.


           -  Аумайды менің Ғабитім,  -  деді бір кезде жас балаша масайрап күліп,  -  Мен оған ғашық болғанда дәл сен сияқты әп-әдемі, сүп-сүйкімді жігіт еді. Қазір қартайып барады. Оқасы жоқ, сен келдің ғой. Енді оның жас күнін сағынсам, саған қараймын да отырамын!


           Нина әдемі жүзін бұған әдейі бұрып, әңгімеге тартқысы келіп тұрғанын аңдады. Бірақ Зекен бұрын көрмеген адаммен қалай шүйіркелесіп кетсін. Сөйлей қоймады.


            Енді жеңгесі әзілді қойып:


            -  Сен, Зекен қысылма. Менің жүзім орыс болғанымен, жаным қазақ. Мен Ғабитті ұнатқандықтан тұрмысқа шықтым, әке-шешемді, туған-туыстарымды айырбастап шықтым. Жүрек қалауым осы. Қазір біздің балалар да келеді. Алма мен Асхат сені қыдыртып, қаланы тамашалайсың.


               Зекен осы сәтте тәтесінің көзіне тіктеп бір қарады. Апыр-ау мұндай да сұлу адам болады екен-ау. Жоқ, кескіні де әдемі, ал жүрегін айтсаңшы, жүрегін!


             Зекен жүзінде енді ұяңдық нышаны жоқ. Ойлана, толғана түскен сыңайы сезіледі. Балауса, балғын деп өзін кейін тарта беруден енді біржола қол үзгендей, өмір мен адамдар арасындағы сезімдер, қарым-қатынастар жайында іштей толғанып, адам бойын баурап алатын нұрлы ойлар тұңғиығына күмп беріп қойып кеткендей. Ол мына сәулетті қалада сәнді жармен мәңгілікке жүрек ортақтастырған нағашысына қызыға, риза бола түсіп отыр.


 


Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,


Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу