Өлеңдер ✍️
ЖАРЫЛЫС
Ғылымға шалатын қиырды,
Қажет пе дәл мұндай құбылыс.
Қопарып қасықтай миымды,
Тарс етті жойқын бір жарылыс...
Сол сәтте-ақ, жоғалттым есімді,
Жарық та көзімнен ұшыпты.
Сөйлеуге тіл де жоқ, кесімді
сөз айтар емдейтін ұшықты.
Білмедім, анық не жарылған?!
Өзімше жауабын таппадым!
Басқа да сұрақтар қойылған...
Одан да ештеңе қақпадым.
Көп еді бітпеген арманым,
"Бітті" деп ішімнен қамықтым.
Кезінде "алты ауыз" тармағын,
Жіктеуден демеп ем жалықтым.
Мұздаса ішегім ойлардан,
Соншалық тоңбайтын кім едім.
Дүдамал мынауың қай жалған,
Заманның сезе ме түнегін?!.
Онсыз да бәрінен кешігіп,
Жырлаушы ем күреңдеу күз әнін.
Жұрт кеткен дертімнен шошынып,
Табы бар тағдырлық ызаның.
Білгенге, менің де осылай,
Өмірлік болмысым қатталған.
Диірмендей айналған тасы жай,
Мақталған, артынша датталған.
Балалық шақтардан парақша,
Жаза алмай қор болған басым-ай.
Салбырап қап-қара талақша,
Қалайша жүргенмін жасымай.
Соғыстан қалатын дүрмектің,
Қайсысын әңгіме етейін.
Ажалға жасалған құрметтің,
Сыздауын еске алып нетейін...
Тістесіп көзден жас шықпайтын,
Саусақтар өлердей қарысып.
Сол жылдар шөңгеге ұқсайтын,
Балаққа жүретін жабысып...
Есейдік иірлеп жотаны,
Азаптан имиіп тізелер.
Үлкендер қайырып батаны,
Деуші еді бәрі де түзелер...
Сол мазақ қорлықтың сиқымен,
Шыдадық, бәріне шыдадық.
Тілдестік төрдегі түлкімен,
Есіктен сығалап, бұралып.
Бұл күнде сараңбыз бәріміз,
Өзінше тұратын ырғалып.
Сараңдық - быттиған кәрі қыз,
Құны жоқ сары мыс сырғалық!
Ұғатын жан да жоқ сабырлы,
Көңілде іркілген кірбіңді.
Бір түс деп қара мен ағыңды,
Біреулер келтірді күлкімді.
Хаттап ем жақсы істің талайын,
Жүректің төрінде тұрсын деп.
Қиындық таптырмай орайын,
Кей-кейде кетеді
дүрсілдеп.
Жалған-ай,
Бәріне таң қалдым
Қара жер!.. Қанша екен көлемі?..
Оқылмай қалғанын аңғардым,
Мың жылдық атамның өлеңі!
Шам ұстап қолға алсам қиынды,
Жаратқан абырой берер ме?!.
Жарылыс... жайратқан миымды,
Түптесем түптеуге көнер ме?!
Көзімде отым да бар еді,
Айтуға датым да бар еді.
Тілінген табанды қайтейін,
Сөнбеген санамды қайтейін!
Оралбек ата
04.12.2023 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇