Өлеңдер ✍️

  18.06.2026
  58


Автор: Оралбек Бек

Қиқы-жиқы өмір. Жүрек

 


Демесем де қу тағдыр барымды алды,
Ойға малтып - ұнаттым шомылғанды.
Байлауы жоқ өмірден бақан іздеп,
Жүргенім-ай қаусатып қабырғамды.


Бәрі де бар, әрине, бұл жалғанда,
Табылған да,
жоқ болған,
ұрланған да!
Шешім таппай қаласың кей-кейде бір,
Аласұрып жігерің құм болғанда.


Адам жаны қаншама рет түлейді,
Рухты сөздер бойдағы дертті жейді...
Білгенім сол, әйтеуір, бұл жалғаннан,
Армансыздар құрдымға бет түзейді.


Сілкіп тастап басынан уыт сөлін,
Ақылды жан әрдайым жібітті өзін.
... Ей, бәтшағар, алдыңда өлім барда,
Күпірлікке не деген құлықты едің!


Жазылады жүрекке бәрі-бәрі,
Ақ парақ қой ол да бір әрі-сәрі...
Қиқы-жиқы тағдырдан пілте жасап,
Шырақ болып түндерде жағылады.


Оралбек Бек



 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу