15.06.2026
  149


Автор: Оралбек Бек

ИТТІҢ АЖАЛЫ

4. Еркектердің өмірі рахат дейсіз...
Ендеше көріңіз!


 


Жаяуға ұзақ әрі қатерлі жолдың жартысынан көбін жүріп өткен кез еді. Әлі тау басынан түскен жоқпыз. Жолсерігім - жабайы адам! Мен оның немен қоректенетінін білмеймін. Қызыл сары шашын оқта-текте көзім шалып қалғаны болмаса, маған жақын жолаған жоқ. Десе де, ол маған қырғауыл тастап кетуді ұмытпады. Менің ұйықтап жатқанымды қалай біледі десейші. Соңғы кездері алаңсыз болдым. Мен оны қырғауыл атай бастадым. Бірақ, өзі бұл есімді қабылдады ма, жоқ па, ол жағы маған мәлімсіз. Өркеш-өркеш нар таулар таусылар емес. Осыдан үш күн бұрын алыстан бұлдырап көрінген көк түтінге бүгін жеттік. Кәдімгі адамдар өмір сүретін ауыл екені қоржынтамдарынан, қасындағы ит жататын үйшіктерінен, қораларынан, жинап қойған қабат-қабат тезектерінен көрініп тұр. Бірақ, қандай ауыл? Тұрғындары кімдер, мәселе осында! Қойтастың тасасында бой тасалап біраз отырдым. Көп күттірген жоқ, қарсыдағы үйдің ар жағынан әкпішпен иығына екі шелек су көтерген бір әйел көрінді, сірә, ол жақта бұлақ бар ғой деп топшыладым. Әйелдің киген киіміне қарап таң қалдым. Малынып киінгені нағыз қазақы киім еді. Түс көріп жатпаған секілдімін. Аспан орнында, жер орнында. Маған елестеп тұрған жын-перілер ме? Ондай болады ғой өмірде... Бұл менің ойым! Сөйткенше болған жоқ, су көтерген әйел үйге қарап бірдеме деп айқайлады, үйден тағы бір әйел шығып, екеуі қазандыққа беттеді, сөздері қазақша. Несін жасырайын, осындай қиянда қайран қазақ қайдан жүр, менің жылағым келді... Өзімді зорға тежедім. Қойтастың тасасынан шығып сәлемдестім, екі әйел мені көріп состиып қалды. Түрімнің қандай екенін өздеріңіз біліп отырсыздар. Егер үйшігінің алдында жатқан алапарды босатса не боларымды құдай білсін. Осы кезде үйден отағасы шықты. Жағдайымды бірден түсінді-ау деймін, жүр балам үйге кір деп менің алдыма түсті. Үйге кірдік. Көші-қолаң лезде жиналып қалды. Бұл қазақтар менен көп нәрсе сұрады. Өздері бұл жаққа 1916 жылы келген екен. Әрине, сол кездегі саясаттан қашқан. Ешқандай мемлекеттің есебінде жоқ. Осы таудың қуысында елу шақты түтін бармыз деді. Біз осылай әңгімелесіп отырғанда сырттан бір жас бала бақырып үйге жүгіріп кірді. Екі көзі алапаштанып өксіп тұр: "иттің басы, иттің басы..." деп, қолымен даланы нұсқаған соң, үйде отырғандар үдеріп сыртқа шықтық. Сөйтсек, үйшігі алдында жатқан әлгі итті, біреу өлтіріп кетіпті. Өлтіргенде де, басын жұлып тастап, денесін алып кеткен. Не деген ерен күш! Мен бұл оқиғаның қай жақтан келгенін бірден білдім. Қырғауылдың ісі екені айтпаса да түсінікті еді. Бірақ ешкімге айтпадым. Иттің ажалы тосыннан келді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу