Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  31


Автор: Оралбек Бек

ТӨРТТАҒАНДАР (38)

 


Кім не дейді? Алшы ақылдың жандысын,
Дайын болсын айтуға да алғысың.
Не шешсең де көп ойланбай бүгін шеш,
Бас қатырып не етпексің арғысын.
***
Бір ауыз сөз өлтіреді адамды,
Бір ауыз сөз келтіреді тәубеге.
Қайдан таптың өтірікші наданды,
Сөз киесін тәуелді еткен сәлдеге!
***
Бүгінгі жыр! Жоғалады ол мүлдем,
Ертеңгінің өлшемімен өлшесең.
Арғы күні не боларын кім білген,
Әлі оның төбесін де көрмесең.
***
Тұрғанда бауыр аман, есен жүрек,
Жаныңда жүрді ғой көп дос елжіреп.
Соларың қайда кетті, шақша бастан,
Бақ тайып қалғаныңда
есеңгіреп.
***
Сұлулығы болды ма екен шын соры,
Әрқашанда қызарады күн соңы.
Әдемі боп көрінеді өтірік,
Ал, шындығың боянбайды, біл соны.
***
Құшақ жайып келді тағы жаңа жыл,
Қара жердің қақпасына бұрылып.
Кеудесін ақ қарға тосып қала тұр,
Ақ мамыққа ораныпты құрылық.
***
Өзіңді іздеп арасынан сағымның,
Ойымнан да, жолымнан да жаңылдым.
Жаным дескен сәттерімді еске алып,
Жалын кешкен кештерімді сағындым.
***
Апыр-ау, ойдан басың шағылғанда,
Тілегің аспан, жерден табылған ба?!
Есіме қайта-қайта түсе бердің
Ай туып таулар сәуле жамылғанда.
***
Өтуде жазғы шілде, қысқы шілде,
Өзіңсіз көңіл күй де түсті мүлде,
Тек қана, махаббаттың мұңын айтып,
Сайрайды жүрек шіркін құс тілінде...
***
Тамшылап тамбаса да тасқа терім,
Өзім де қалың ойдан басқаша едім.
Барады тұла бойды тырсылдатып,
Сыятын жер таппаған қасқа шерім.
***
Тау басынан бері аунады құба таң,
Құба таңда жыр жазуды ұнатам.
Шыққан күннің алтын баулы шапағын,
Аңдып тұрып құшағыма құлатам.
***
Сұлу мүсін көзі барды арбайды,
Арбалған жан көре алмайды шалғайды...
Торғайларды бітеу жұтқан жыландар,
Тілін бұлдап, ешкімге тіс жармайды.
***
Дертті күндер дерегі ме, тау басы,
Мұнартады шау тартқандай қалжасы.
Бір уыс "бұлт" шапқылап жүр баурайда,
Белгілі ғой жеке бәйге салмасы.
***
Сағат сайын ажарланып келбеті,
Ай сәулесін тербетеді көл беті.
Қарындасқа қол шошайтпа, ақымақ,
Қыздар үшін сиқырлы сан - онжеті!
***
Келелі сөз айту керек әрдайым,
Жұптасаң да түпкі ойыңның қандайын.
Елім деген ерге тән ғой ұқыпты,
Жинақы ұстау шапанының шалғайын.
***
Бұл өмірде үлкен не бар алғыстан,
Алғысы жоқ қу пенделер жарға ұшқан...
Біреулер жүр ұрлық десе құлшынып,
Күнкөрісін текшелеген қарғыстан!
***
Жүргендей күн батып, шығып құрдан құр,
Қараңғылық барады озып жылдан жыл.
Әруақты аттап кеткен діншілдер,
Құлсанасын топастарға пұлдап жүр.
***
Адам-адам, әрбір ісі арға сын,
Кім көнбейді тағдыр басқа салғасын.
Мешіттерін жүздеп өртеп Иран жүр,
Көзге шұқып көрінбейтін алласын.
***
Муслим мен муминдерге кеш үкім,
Келді ме екен, шығып жатыр есі тым.
Қайда кетті отқа жанбас құраның,
Топан суға мызғымайтын мешітің.
***
Бұл өмірге адам болып келгендер!
Көк тәңірге алтын басын игендер. -
Атаң берген бір-ақ жүрек бар сенде,
Сол жүрекпен биіктерге өрлеңдер.
***


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу