Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  31


Автор: Оралбек Бек

ТӨРТТАҒАНДАР (37)

 


Өмір ғой бұл... бәріне үйренесің,
Ешкімге сыр айтпайтын күйге енесің.
Бүгінгіңді ертеңгі көзбен көріп,
Таң қаласың баладай жиған есін.
***
Қара түнді күн жұтты орап отқа,
Жарық күнді түн жұтты шара жоқ па?
Дүниенің кейпі осы болғанымен,
Қимайсың ғой бәрібір жаман атқа.
***
Еркебұлан күн қайда алға басқан,
Арман қуып құм кешкен, таудан асқан.
Саусағыңның ұшында сұрақ белгі,
Жазатұғын тапжылмай таңға дастан.
***
Терезеңді паналап арқа тірей,
қанша күттім...
Ақ боран алай-түлей.
Әкең шықты қолына күрек ұстап,
Басқыштағы ақ қарды жорта, күрей...
***
Қамын ойлап қамыққан қарашаның,
Белін жазды тағы бір жаңаша күн.
Нар жігіттер наркескен сөз айтады,
Тобын жарып ойлары аласаның.
***
Бет қалмады ешкімді үлгі ететін,
Болды біреу біреуді жынды ететін.
Қонба деп те айтпайсың көк шыбынға,
Қымта деп те айтпайсың гүлге етегін.
***
Жемдеп өзін, жегжаты-жұраттарын,
Соңдарына қалдырған сұрақ қалың.
Жегіштердің жемсауы ақтарылып,
Езулері кетті іздеп құлақтарын.
***
Десек дағы көшке ерген қор болмайды,
Сынар ма екен сан ғасыр тоңған қайғы.
Сарыуайым мүжіген сортаң жердей,
Қайда тығып қоясың сор маңдайды.
***
Жұлқа тартып балақты кәдімгідей,
Аласұрып жүр күшік әлін білмей.
Көктөбет боп шығу да оңай емес,
Өткен кеткенге үрмесе дамыл көрмей.
***
Ұсақ-тұйек болғанмен бөздің бәсі,
Толғанбайтын нәрсе емес сөздің басы.
Бәлкім ешкім білмейді бұл дүниеде,
Удан ащы екенін көздің жасы
***
Кім түсінді күрсінген дала жанын,
Бауырында сыздаған жара барын.
Жер-ананың саулығын сақтау үшін,
Болу шарт па адамға аса дарын.
***
Қайда кеттің кенеттен, ғайып болып,
Ес жия алмай мен жүрмін талып, тоңып.
Дәл осы іс, шын сүйген жүреккке де,
Сыймайды ғой басқа да қалыпқа анық!
***
Тұнық мұңнан мен өзім кенде емеспін,
Өлең сөзге келгенде желдей естім.
Алтының да, жезің де, барым осы,
Керегі жоқ маған бір өзге елестің.
***
Қанша езгілей бергенмен ақ, қараны,
Білем, түбі бәрі де жоқ болады.
Түсініксіз болды ғой бұл ғаламға
Тек махаббат, мейірге бақ қонары!
***
Емес шығар ойшылдық әлсіздігім,
Болады ғой менің де жайсыз күнім.
Сыйпаласам самайды ақ қырау басқан,
Жотамдағы батып жүр мәнсіз жүгім.
***
Самал қайда соғатын майда лепті,
Ынтымағы қазақтың қайда кетті.
Атаң байғұс беріп-ақ кеткен жоқ па,
Жақсыға арқау арғы мен бергі әдепті.
***
Сұрақ та жоқ жауабы табылмаған,
Жауап та көп жалауы жалындаған.
Неге бірақ көк аспан күңіреніп,
Шайқалады көк теңіз - қалың қоғам!
***
Көбік сөзге қаяусыз сеніп көрдік,
Алаяққа қол соғып желік бердік.
Ақыр соңы қырылып құмырсқадай,
Жемсаулардың тісіне жеміт болдық...
***
Сыпырып ал, терісін іре мейлі,
Заңы да жоқ түптелген түбегейілі.
Жалпақ шешей секілді бұл қазағың,
Жауына да жамандық тілемейді.
***
Ішке жұттым қаншама намысымды,
Шашылсам да сонша рет тары сынды.
Сесі барға бұл заман тор дайындап,
Есі барға у менен зәр ұсынды. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу