Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (31)
Жүрдім талай Ғұннан қалған жолдарда,
Бардым талай Сақтан қалған қорғанға.
Әруақты деме несін қозғадың,
Әруақсыз қазақ-қазақ болған ба?!
***
Түпкі сана деген де бар адамда,
Баратұғын қилы-қилы қадамға!
Сан мың жылдық тарихыңды қаузасаң,
Одан келер зиян бар ма қоғамға!?
***
Өзіме тән қасіретім де бар менің,
О, мың жылдық бабам неткен зарлы едің.
Аспан тұстан ата қаздай қамыққан,
Есітіледі өксуің мен, өр демің.
***
Қуаныш па, ол да менде көп еді,
Бүгінде жоқ ешкімге оның керегі.
Қамықты ма, қарайламай артына,
Ол да кетті... қалмапты еш дерегі.
***
Хантәңірім, тауым еді еңселі,
Айбат барда сыйламайды кім сені.
Ол тұрғанда жау баспайды елімді,
Төбесінен құйылмайды мұң селі.
***
Асу асу белдерімді айтайын,
Қаңбақ қуған желдерімді айтайын.
Сары сазан шалқасынан жүзетін,
Айдын шалқар көлдерімді айтайын.
***
Бұл байлықпен елдің көркі нұрланды,
Жау шапқанда құрбандыққа кім барды.
О, құдірет! Әруақтарын боздатып
Қайдан таптың жерін сатқан сұмдарды!
***
Кім бар елде ақиқатты ашатын,
Ашатын да өзек өртін басатын,
Қайдан шықты мәлін-иттер опасыз,
Туған жерін тастап шетке қашатын.
***
Боздақтарға толды бүгін түрмелер,
Шындықты айтсаң, қызыл тілің күрмелер...
Қаралы істің байыбына қарасаң,
Қисық ауыз байдың ұлы жүлдегер!..
***
Мына соттар қайдан келді қазанбас,
Пиғылындай үкімін де жазар лас...
Аталы сөз - "бәрін айт та, бірін айт",
Күйге түстік ғасыр емдеп жаза алмас.
***
Бәріңнің де жұлқынатын ұлың бар,
Ерке тотай бұлқынатын қызың бар.
Мына заман қалай езіп тастаған,
Ұрпағыңның қабағынан ұғыңдар!
***
Жанды көрдік жылай-жылай жабыққан,
Таңды көрдік атпай тұрып талыққан.
Үй артында арандатушы өріп жүр,
Бұралқы иттей сығалаған жабықтан.
***
Қыстау қайда, жайлау қайда кең қолтық,
Патша ауысты! Көрінбейді оңған түк!
Көңге тұмсық тыққан шыбын бүркіт боп,
Қара жерге өніп шықты жалғандық?
***
Түсінбеді ешкім мына жағдайды,
Ақылды адам терісті де оңдайды.
Келімсектер шұға киді, қазаққа,
Бөстек қалды, көрген кім бар мұндайды.
***
Құпиямды айта алмаймын, әрине,
Түгел, түптеп, айтабақ қып бәріңе.
Сыздауымды басам десең қасық мұң,
Қосып жібер мен ішетін дәріге!
***
Қазақсың ба, өзіңді өзің алдама,
Сөз жұптама алабөтен қарғана!
Арғы бетке кетсең жалғыз кетесің,
Бергі бетте қалатының сол ғана!
***
Туған далаң сасқалақтап тұнжырап,
Тұр ғой міне, амал таппай қалжырап.
Қиын болып жұмыс табу қос қолға,
Қос обада қатын, балаң зар жылап.
***
Көңіл мұңды, ақ жайлауын қар басты,
Жағаңа кеп жалмауыздар жармасты.
Оян, қазақ! Ендігіңе сөз қысқа,
Жазираңды кезіп жүр бір албасты.
***
Жеңіске жет! Сөз тыңдасаң жарқыным,
Салқындау бол, тек азырақ, ал тыным.
Мөде қаған құрбан еткен әкесін,
Жерін сақтап қалу үшін халқының.
***
Тіл қырқылды - үндемедің, қазағым,
Зорлық көрдің, оған үн жоқ - тазамын...
Сабырлы ердің сақсырына оқ салсам,
Неге тықтың - түнге мені, азабым!..
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇