Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (26)
Бұл жалғанға келер, әлі кетер кім,
Басқа түскен... мың қайғымды көтердім.
Мұңға тоған салып қойдым деп жүрсем,
Шер есігін айқара ашқан екенмін...
***
Өмір - сендік! Сызбадың ба, сыздың ба?
Өзіңше бір жоспар құрып жүз жылға!
Бірақ, соған жету үшін, қарағым,
Қарадың ба, аспандағы жұлдызға?
***
Жел жұлды ма, жұлқынды ма, ақымақ,
Тал басынан кетті ұшып бір жапырақ.
Бұл өзі бір ойға қалар жайт болды,
Кезде мынау - бәрі тұрған тоқырап...
***
Басымдағы...
/бәлкім ешкім аңғармас/,
Мына ақ шаш, менікі емес, жалған шаш!
Білмейтіндей сұрайсыңдар жасымды,
Ылғи сол бір кездерімде болған мас...
***
Сұрақтан ба, қойылатын қуарып
Суықтан ба, гүлдер жатыр суалып.
Жерде қар жоқ, берілмеймін мен бірақ,
Дүдамалдау сөздеріңе - бұл анық!
***
Гүл емеспін, өлдің десе өлетін,
Мен адаммын өзіне өзі сенетін.
Майыспайтын қайсар мінез бар менде,
Кете алмайтын күні бітпей көретін.
***
Дүниеден өшетін де құнсыздар,
Қараңғыға көшетін де мұңсыз бар.
Мына жарық дүниені бүлдірді,
Ой дегенде ілгені жоқ дымсыздар.
***
Шашымды да сата алмаймын ешкімге,
Басымды да сата алмаймын ешкімге.
Кетігіңді толтыра алмай батпақтап,
Маған десең басқа жаққа көш мүлде!
***
Бейуақта бұлдырадың сағымдай,
Секілденіп онтөрттегі жалынды ай.
Енді неттім, өзім-өзім болғалы,
Жүруші едім тағдырыма бағынбай.
***
Көктем көркі ғаламат қой, ғаламат,
Шын ғашықтық тек тіріге аманат.
Күн астында адаспаңдар, адамдар,
Аманатқа күйе жағып қаралап.
***
Жарқ етті де ағып түсті бір жұлдыз,
Болса да оны көрмейміз ғой күндіз... біз.
Қара жерге қағып қойған тігінен, -
Саз балшықтай неге сонша тұнжырмыз.
***
Көңілдесің, көзге жатсың бірақ та,
Мұңды әнің де тұр ғой тұнып құлақта.
Біз емес пе ек сағыныштан өлетін,
Көрмесек бір бірімізді бір апта.
***
Айдынында аққу жүзген көл едік,
Шүйгін оты аласармас бел едік.
Неге, неге сол байлықтың барлығын,
Қырт саудагер қайғы-мұңға төледік!..
***
Өзің жақтың бұл сезімнің шырағын,
Көзің жұмып құшағыма құладың.
Естен тандым білгенімде ең нәзік,
Ең сұлу ән қайсы еріннен шығарын!..
***
Ісі де жоқ ішкі бақай есеппен,
Ұл едік қой таныспаған өсекпен.
Өзіңменен қысқа таңды қызартып,
Жігіт болып түрегелдік төсектен.
***
Атқан таңның арайы да бояма.
Шыққан күннің шырайы да бояма.
Боямалар көздің жауы! Ой сері!
Сені енді сілкілемей қоя ма!
***
Құрастырған себебі де түк емес,
Оңашаға шықпай қалса күлегеш... -
Қызыл гүлдің тікенінен аса алмай,
Қалдым дей бер,
жұбатпайды құр елес!
***
Көңілдің де жібек тектес жыры бар,
Тыңдағанда жүйке-жібің тынығар.
Көлеңкесін несін айтам білмесем,
Ол жайында жазып кеткен ұлылар.
***
Сені ойлаумен өзім бездім өзімнен,
Бойда түк жоқ кісілік пен төзімнен.
Байқап тұрсам бұдан жақсы дәл қазір,
Тұрмыс қажап бейнет кешкен, езілген.
***
Ғашық жанда ес болмайды білгенге,
Мейлі, жазсын жап-жақсы өлең бір демде.
Айнып қалған пенделердің күлкісі,
Ұқсамайды адам сынды күлгенге!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇