Өлеңдер ✍️
Төрттағандар (22)
Естен танды бәлкім базбір... адамдар,
Қиғылықтар бастан асып ол кетті.
Қайда әлгі ел сұраған қағандар,
Жоғарыға кім шығарды жендетті...
***
Аршын салу болса да құр далбаса,
Қанша құлаш өңештің шын өлшемі?
Қанағаттан аспайды ғой аң да аса,
Соны ойласам зіл басады еңсені.
***
Еске түссе жүрек дүрсіл қағатын,
Қандай қызық көрдің мына өмірден.
Күзгі бүкір жапырақтар қонатын
Жер таппай жүр тал басынан төгілген.
***
Көп ғалымдар сарқып алды төзімін,
Ғылым тілін табамын деп табанда.
Адамдар бар пайымы жоқ өзінің,
Пайымдар бар бағынбайтын адамға.
***
Өтті дәурен санамақтап сағатын,
Көн шекпенін жебір желдер жемірген.
Өзен көрдік мүлдем теріс ағатын,
Бірақ ол да шықпай жатыр көңілден.
***
Пенделер жүр өз еркі жоқ өзінде,
Құл екенін бесігінде құп алған.
Нұрың шалқып тұрмаған соң көзіңде,
Қаққаныңның артығы не тұманнан?!.
***
Кейінгілер мұны қалай түсінбек,
Сіздер... біздер, кімге, нені үйреттік!
Бәрі-бәрі бейбітшілік үшін деп,
Бейбіт елдің қабырғасын күйреттік...
***
Ақталамыз өз орнына келтіріп,
Асқақ сөйлеп, күйін кешіп мастықтың!..
Бейбітшілік үшін адам өлтіріп,
Бейбіт елге туын тіктік қастықтың!
***
Сұр тағдырдан көкбеттер де жеңілген,
Тіршілікте тазалықты сағала.
Өкінішті ештеңе жоқ өлімнен,
Ей, пенделер, сабаңа түс, сабаңа!
***
Айың, күнің көкте жүр ғой қалықтап,
Жарық шашып бір бірінен қалыспай.
Кейбіреуге үңілсеңіз анықтап,
Жерге жүк боп іркілдеген талыстай...
***
Өмір бойы өзімді өзім алдадым,
Суретіңді аялаудан танбадым!
Жүректегі сағынышым сыздауым,
Мәңгі бақи шоғы сөнбес арманым.
***
Тыңдамадым ешкімнің де кеңесін,
Қызық емес көңіл аулап бөскені.
Бәрі бос сөз кім не десе о десін,
Бір сен үшін ғұмыр кештім, кеш мені.
***
Тар кеудемнен ақтарылар аптап жыр,
Діріл қаққан күзгі бақты көргенде.
Бұтақтарға тырнақ салып қатқақ жүр,
Сезімнен тұл шерменде!..
***
Бәрі безді көлеңкесін құшақтап,
Мен секілді дүниауи пендеден.
Бәлкім өзім, есуастай үш аттап,
Жеке дара күнге құлаш сермеген.
***
Қарауы жоқ сөз жоғалды таңдайдан,
Көрері жоқ көз жоғалды маңдайдан.
Айға қарап бейуақта ит ұлып,
Түлкі үреді шалғайдан.
***
Тыным тапсын тоқтамы жоқ жан қайдан,
Айналамыз сорға батқан қан майдан.
Астамсыған аспан отқа оранып,
Қара жер тұр қор болған.
***
Бөрі жұрттың айтар сөзі қалмады,
Кәрі жорға... бәрін-бәрін жалмады.
Ойда орам, топырақта құн да жоқ,
Осы болды басқа құдай салғаны.
***
Қарап тұрсаң біздің елде ылди көп,
Адам-сана бара жатыр құлдилап.
Ой шаршады арпалысып тайғақпен,
Ойлай-ойлай кетеміз бе су ми боп.
***
Әрбір пенде өзіне өзі жауапты,
Ешкім сені сыйламайды шеттен кеп.
Әділ болу - ұстау емес таяқты,
Біреулерді сөзбен іреп сөксем деп.
***
Жер бетінде болып жатқан сұмдықтан,
Күн сүңгіп жүр ұясына қызарып.
Билікте отыр зымыстан мен кіл мыстан,
Тырнақтары бара жатқан ұзарып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇