Әңгімелер ✍️
ӘУЛЕТ ПЕН НӘУБЕТ
(романнан үзінді)
Арада бес-он күн өткенде мен есімді жия бастадым. Үш айдан астам уақыт жүрген "тозақ" жолы әбден діңкелетіп тастаған екен. Бауырмал үнді халқына, қарасирақ балаларына, алтын қолынан мейірім саулаған аналарына, мені құрметтеп жас баладай жүгіріп жүрген Мұхамедке үлкен алғыс!
Тыңайып қалыппын. Оны байқаған Мұхамедтің де жүзі нұрланды. Менен артық қуанып жүр. Өз жағдайым есімнен шыққан сыңайлы. Менің дәл қазіргі ойым, осынша уақыт маған жолдас, сапарлас болған бейтаныс досым Қырғауылдың маңайында еді. Сол шырмаудан шыға алмай-ақ қойдым. Дөңбекшіп қай жағыма аударылсам да сол жағыма қада болып қадалды да тұрды. Шындығы сол, оның өлгеніне көзім жетіп, өз қолыммен жерлеп кетсем де - өлдіге қимадым. Жерлегенім жерлеген, неге оның мәйітіне ауа кіретіндей етіп қамыстан жасап қуыс қалдырдым деп ойлаймын. Не үшін! Сонда мен өлген адамның енді тыныс алмайтынын білмегенім бе? Мені бұған қандай тылсым күш итермеледі. Не көп, далада жыртқыш көп. Солар сол қамыс-тесік арқылы мәйітке жетіп, ендігі сүйегін де қалдырмай кеміріп қойған шығар деп қайғырамын ғой. Әйтеуір, ой...таусылмайтын бір ой... Мені сондай ойлар мүжіп барады. Рас, мен ол Қырғауыл досымның анығын да онша білмеймін. Адам ба, жануар ма? Жабайы адам!.. Саналы адамнан ізгі жан иесі!.. Жануар деуге де қимадым. Сонау Тәжікстанның алып тауларынан маған ілесті. Ешқандай көлеңкелі ойы болмады. Шаршап шалдықпады. Білетінім - өзінің ұрғашы екендігі. Ерен күш иесі екендігі. Өзі екіқабат немесе буаз. Мен Қырғауылды алғаш көргеннен-ақ соны байқағанмын, одан бері де үш айдан асты... Мені қанша ажалдан алып қалды. Қырғауыл болмағанда мен не істер едім. Ал, мен болсам, оны, ішіндегі тірі шаранасымен жерге көміп кеттім... Сұмдық ай!.. Жоқ, бұл отырыс болмайды!
Өкінішімді Мұхамедке айттым. Ол көп ойланған жоқ.
- Жүріңіз, кеттік, - деді. Сонымен, үнді досым екеуіміз, табаны жалпақ, құмда жүретін мотоциклге мініп жолға шықтық. Мотоцикл зор, екі канистр артық бензинді қоржындап салып алғанбыз, басқа да керек-жарақтар жеткілікті. Қарудан бес атар ағылшын мылтығын және екі селебе қанжар, екі әскери күрек, екі фонар алғанбыз. Мұхамед ол жердің жобасын біледі екен. Өзінің топырағы. Бұрын онда ауыл болған. Қазір жоқ. Кім білсін айдала қу мекенде кім жүргенін, сақтық әрқашанда керек деді ол. Сонымен, жолға шықтық. Десе де, жол өте ауыр болды. Жалпақ доңғалағымыздың жүрісі де жай, әр жерге батып қала береді екен. Мұхамед білетін болған соң жолға дайындалған ғой, әр жерде кідіргеніміз болмаса, әзірше еш кедергісіз келе жатырмыз. Менің өлмешінің күнін көріп, естен танып, екі көзім ащы терден түк көрмей жаяу, жалғыз жүріп өткен, аттыға екі-үш күндік жол тым ұзап кеткен сыңайлы. Күн батуға таяу. Мұхамед, барға-жоққа, жеңіл мен ауырға, ыстық пен суыққа әбден шыныққан ауыл азаматы. Қолындағы сағатына, төсқалтасындағы картаға қарап қояды. Дұрыс келе жатырмыз деді. Қобалжу жоқ. Екеуміз де брезент плащ киіп алғанбыз, көздерімізде құмнан қорғайтын көзілдірік. Десе де, мотоцикл жүрісіне жел қосылса, алыстан қарағанға бір уыс құйын ен далада ойнақтап жүрген сияқты көрінеді. Өйткені, мотоцикліміз тіке жүре бермейді екен. Құмның жатысына, желдің бағытына қарай ыңғайын тауып басқармаса болмайтын көлік екен бұл. Құдды толқыннан толқынға секірген теңіздегі қайық секілді. Содан барар жеріміз ұзап кеткен ғой. Бір кезде алыстан өзіміз секілді тағы бір уыс шаң көрінді, ол құйын да ойқастап жүр. Бірақ, ол көлікті жүргізіп келе жатқан адам байқалмады. Тек шаң. Шаң бізге әудем жер қалғанда жалт бұрылды да құлдырап түлкінің құйрығы секілді көзден ғайып болды.
- Бұл құм кесірткесі (lizard), - деді Мұхамед, - адамнан қашады, онша зияны жоқ. Десе де қауіпті, қой, ешкіні бүтін жұтып қояды бұлар.
Өзім бұрын көрмеген аң болған соң ол кесірткеге онша көңіл бөлмедім, қасымда жергілікті сенімді адам бар. Менің ойым Қырғауыл досым өлген жерге тезірек жету. Күн қызарып батуға айналды. Алыс көккжиектен тау сұлбалары қарауытады. Сағым шығар дедім. Көк те, жер де қып-қызыл бояуға малып алғандай. Кеш түсе жел де басылды. Сусыма құм ішін тартты, солығы басылды.
Айнала мамыражай күйге түсті. Жүрісіміз өнді. Жаратушы Тәңірі өзі қолдап, Арғымақ атамның әруағы жебеп, қолтығынан демеп, мен сияқты перзентіне қанат берген шығар. Әйтпесе, дәл осы дүлей барханды жаяу адам басып өтті дегенге сенбес едім. Ол кезде, айналаның бәрін қып-қызыл құм басқан әлемнің, қаншалықты адамның көз нұрын суыратын әсемдігін мен білмеген екенмін. Көкжиектен төбесі қылтия бастаған жарты ай да бой көрсетті. Оны енді көріп келемін. Қызыл түн. Төңкерілген қазы сықылды жал-жал қызыл құмды тілгілеген алмас қанжардай сумаңдаған қызыл жарық. Бәйгеге шапқан тұлпардай зымыраған құм көлігі қызыл мотоцикл үстінде қанат жайған екі адам. Бұл жерде әсершіл ақын сөзі, ыстық жүрегінің дүрсілі аздық етеді. Дәл қазіргі менің көңіл күйімді сипаттау үшін аса дарынды күйші мен теңдессіз қарымы бар суретші керек шығар.
Алыстан қарауытып өзіме таныс құдықтың сұлбасы көрінді. Оған да жеттік. Осыдан оншақты күн бұрыңғыдай емес, жапырайып қалыпты. Құдықтың шығыршығы жерде жатыр. Шығыршықтың бір жағын ұстап тұрған ағаш қадасы сынып қалыпты.
- Осы ма, - деді, Мұхамед.
- Ия, осы, осы... Тоқтадық. Көлігімізден түстік.
Мен, дегбірсізденіп, құдық емес, Қырғауыл досымды көмген жерге қарай асығыс жүрдім. Соңымнан Мұхамед те жетті. Бұл жерде де бір өзгеріс болған секілді. Қырғауыл досымды көмген кезде пайдаланған бау қамыс шашылып жатыр. Досымның денесін іздеп құмды күрекпен ары-бері аударғанымызбен ештеңе табылмады. Аң тиген болса сүйек-саяқ қалу керек қой, ол жоқ. Айналада із де жоқ. Құм шайып кетті ме екен? Ойлануға тура келді. Өсімдік дегеннен бұл жақта құдық айналасында аздаған қамыс бар, басқа ештеңе көрінбейді. Фонарды жағып маңайды шолдық. Жақын жерде бір құм басып дөңкиген зат бар екен, соған бардық. Күрекпен үстін тазаладық. Сөйтсек, бұл құм кесірткесі екен, бір аяғы терісіне салбырап денесінен бөлініп өліп қалған. Бірақ, әлі иістенбеген. Мұхамед өлген кесірткеге қарап тұрып:
- Мұнда бір мәселе... бар, - деді. - Кесірткенің аяғын жұлып тастау оңай емес. Аяқ денеден өздігінен бөлініп қалатындай уақыт болмаған... Демек, кесірткенің бұл аяғы тірі кезінде жұлынған! Соның себебінен кесіртке өлген. Аяқты кім жұлды? Қандай күш? Әңгіме сонда!
Мен Мұхамедтің пайымына таң қалдым. Бұл Қырғауылдың ісі болу керек деп іштей ойладым және солай болса екен деп тәңірге жалбарындым. Бұл ойымды Мұхамедке айтпадым. Қырғауылды көрмеген адам сенбейтін шығар.
Осылай ойланып тұрған кезімізде құдық жақтан кісі таң қаларлықтай құмыққан бір дыбыс шықты. Мұхамед те мен де жалт бұрылдық. Сосын құдыққа қарай жүрдік. Айналаның бәрі қараңғы. Екеуміздің қолымызда жарығы жақсы әскери екі фонар. Маңай тып-тыныш секілді. Құдыққа келдік. Дыбыс құдықтың ішінен шығады. Дереу құдықтың ішіне жарық түсірдік... Міне, қызық! Таң қала бақырайған көзбен Мұхамед досым маған қарады, мен Мұхамедке қарадым...
Көп кідірмей іске кірістік.
Құдықтың ішінде бода-бода болып көрініп тұрған қып-қызыл бір құшақ жүн - менің Қырғауыл досымның қобыраған шашы еді. Не істерін білмей сасқалақтап қалғаны байқалады. Қырғауылдың қолтығында бір бұлғақтаған зат бар сияқты. Құдық суы көтеріліп қалыпты. Мен қатты қуанғанымнан "Қырғауыл" деп айқайлап жібердім. Қырғауыл маған жалт қарады. Түрі әлем-тапырық болып кеткен екен. Көзіне тіке түскен жарықтан ол бізді көре алмады. Тек бірдеме деп қырылдағаны есітіледі. Мұхамед досым тез қимылдап мотоциклден арқан алып келді. Арқанды құдыққа түсірдік. Бірақ, арқанмен не жасау керектігін қырғауыл қайдан білсін. Әрекетімізден ештеңе шықпайтын болған соң, құдыққа мен түсейін дедім. Мұхамед досым қарсы болмады.
Өзімнің осыдан біраз күн бұрын дәл осы құдықтың тұтқыны болғаным, өмірден күдер үзіп қалай өкіргенім, мұңымды кімге шағарымды білмей қалай өксігенім, ақырында мына баянсыз өмірден түңіліп бүк түскенім есіме түсті. Адам баласына бір сәттік жарық дүниенің қаншалықты құнды екендігін қиындық көрмеген қасқалар қайдан білсін! Мейлі, малды, яки, адамды болсын сол қиындыққа итермелейтін тек саналы адам ғана екен ғой. Жануарлардың қолынан мұндай қаныпезерлік келмейді! Жақсылықты да бір сәтте ұмытатын тек адам екен! Неге? Әй, адам! Арын ақшаға сатқыштар мен барын құмар ойынға салғыштар! Жарық дүниенің жаратылыстары! Жақсылығың да, жамандығың да өзіңе қайтып соғады! Білесің бе, сен соны! Сол кезде жүзің ашық болсын!
Бұл құдықтың мінезі маған белгілі. Енді кешіксек Қырғауыл досымның суға тұншығып қалуы да мүмкін. Мен арқанның ұшын беліме байладым да құдықтың ішіне түстім. Мұхамед жоғарыда қалды. Қырғауыл досым мені жатырқамады. Қуанған шығар, жайын ауызы ырсиды. Қолтығындағы бұлғақтағанға қарасам, құртақандай ғана Қырғауыл екен. О, тоба! Бала туатын жерді тапқан екенсің досым. Бет-ауызының бәрі жүн-жүн баланы қолыма алып, мен жоғары көтерілдім. Қырғауыл досым қарсылық жасамады. Тек қана, бөбекті Мұхамедтің қолына ұстата бергенімде Қырғауыл досым гүр-р ете қалды да жоғары қарай секірді. Аналық қызғаныш инстинктісі шығар. Мен қайтадан құдықтың ішіне түстім. Бұл кезде құдық суы адамның бойындай болып қалған. Арқанның екінші ұшын Қырғауылдың беліне байладым да, өзім тездетіп жоғары шығып кеттім. Артымнан Қырғауыл да шықты. Бөпесін өзіне бердік. Қырғауыл бөпесін қолына алды да, лезде жоқ болды.
Кешікпей таң да атты. Үлкен бір істі ойдағыдай бітіріп, жүзімізге таңғы нұр жүгіріп Мұхамед досымыз екеуміз келген жағымызға қайттық.
Әлденеден селт ете қалдым да, бұрылып артқа мойын бұрсам, құм төбенің үстінде Қырғауыл досым бізге қарап тұр екен. Қолында бөпесі бар. Біз оларға амандық тіледік.
Шіркін, саналы адамдар осындай болса ғой!
Қосымша:
/Ал, енді, әлгі, құм астында бір аяғы жұлынып жатқан өлі кесірткеге келсек, бұл оқиғада құдайдың кереметі көп:
Маған ілесіп әбден сілікпесі шыққан Қырғауыл досым естен танып құлаған. Мен оны өлдіге сайып, құмды қазып мәйітін көмдім. Бір қызығы менің ол мәйітке ауа кіретіндей етіп қамыспен жабуымда болып тұр. Жер салқын. Біраз күннен соң Қырғауыл досымның есі кірген, өзі әбден тынығып қалған. Содан толғақ қысқан. Үстіндегі қамыс жабуды жан-жаққа шашқан. Табар баласын тапқан. Дәл осы кезде тіміскілеп ұзын тілін сумаңдатып құм кесірткесі келген ғой. Ашуға булыққан Қырғауыл досым кесірткенің сирағынан ұстап алып жерге шиырып бір-ақ ұрған. Сонымен ашқарақ кесіртке мәселесі бітті. Өзі де қатты шөлдеген. Қолына жаңа тапқан шаранасын алып, су иісі шыққан құдыққа қарай келген. Бір қолына бөпесін, екінші қолымен шығыршықты ұстап құдыққа үңілген. Сол кезде қолы тайып кетіп шығыршық сынып былай ұшқан, өзі құдыққа құлап түскен. Басқа ештеңе ойлап таба алмайсыз. Оқиғаның қалғаны жоғарыда жазылды./
Оралбек 'Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇