12.06.2026
  54


Автор: Оралбек Бек

"Қаратау картиналары"

Ұялып қалдым


Негізі мен көлге балық аулауға келген едім. Ыңғайлы орын тауып жайғаса бергенім сол еді, назарым түсіп кеткен көл суының мұншалақты тазалығын көріп таң қалдым. Мөп-мөлдір!.. Су астындағы түрлі-түсті шағал тастар көздің жауын алады. Жайқалып, жапырақтаған су бесігінде тербетіліп тұрған жап-жасыл жас құрақтар ше?.. Құрақтардың айналасында жылт-жылт еткен түйме-көздері ғана көрінетін, бұлтың-бұлтың жүзген, шалт қимылды ұсақ күміс шабақтар ше?... Жеп-жеңіл күміс шабақтар бейнебір көгілдір бұлттар ішінде қалқып билеп жүрген секілді. Арманда шек жоқ қой... Балық аулау жайына қалды. Несін жасырайын, осынау бір сахар таңда, анадан жаңа туған шілдекі шаранаға айналып кеттім... шешініп тастап суға шолп ете қалғанымды білмей де қалдым. Судан рахат нәрсе жоқ. Көл бетінде жан-жаққа дөңгелене қашқан толқындар пайда болды, аспанға атылған мөлдір су шашырандылары күн сәулесімен шағылысып қызыл, сары топан моншақтар секілді менің басыма, денеме құйылып жатты. Айдын көл тып-тыныш. Алысырақта бір топ балапандары тізіліп, соңдарына ірілі-ұсақты ирек-ирек із тастап мама-үйрек пе, қоқиқаз ба - кетіп барады. Менен үріккен сыңайлы. Одан беріректегі қоға басына шыр-шыр етіп бір торғай келіп қонды. Сірә, жақын аймақта бұл торғайдың да ұясы болса керек. Мен торғай шырылын маған жасаған қоқан-лоққысы деп ұқтым. Жұмыртқасы-ұрпағы үшін бармақтай ғана торғай екеш торғай да ажалмен күресуге дайын екен. Аяғымның башпайлары, сирақтарым жыбырлай бастады. Мен бұның әлгі ұсақ балықтар екенін сездім. Аяқ жағыма көз салсам шынында солай екен. Бұлар әлі есейген жоқ, адамның кім екенін, олардың балық күйсейтін тісі бар, қуыратын табасы бар жауыз екенін білмейді ғой бұл құйтақандай шабақтар. Өзі тырнақтай жүрегі қандай, қай жағында екен деп ойладым тағы. Дәл қазір бұлар жасыл жапырақтармен қоректеніп жүрген шығар деп шештім. Себебі, айналамнан ұсақ шабаққа жем боларлықтай ештеңе байқамадым. Мен шабақтарды жақынырақ көрейін деп жайлап суға баттым. Көзімді аштым, шабақтар мені тіпті де жатсынған жоқ. Сірә, мені де үлкен бір балық, өздерінің бауыры деп ойлап қалған шығар... Мүмкін мен бұлардың атасымын... Адамның арғы тегі - балық дегенді оқыдық қой біз... Балықтың ар жағы ше?..
Дәл қазір мені күміс шабақтар ойынға шақырып жатқан сияқты көрінді маған. Мен қолымды тосып едім, үш-төртеуі жетіп келіп алақанымның ойығын шұқылай бастады. Жаратылыс түйсігі дегеніміз осы. Алақанымда күміс шабақтарға ұсынатын ештеңе болмағандығына ұялып қалдым.


Оралбек 'Бек




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу