Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  26


Автор: Оралбек Бек

ҰЙЫҚҚА ЖҰТЫЛҒАН ЖАУ

 


Ырғыздың келбетін айт көзді арбайтын,
Жақсылар бір көруді армандайтын.
Аумаған қызыл жасыл түкті кілем.
Сынына басқа ештеңе жалғанбайтын.


Жетіру әлімсақтан мекен еткен,
Кең дала домбырасын шертеді еппен...
Бұл жақтың тарпаңы да мың болады,
Соққанда бір айналып жеке кеткен.


Айтарлық,
болмаса да өмірде мұң,
Жатпайды-ау орындалып көңілдегің.
Май шыққан түгін тартсаң асыл жерге,
Сұқтанып кім созбайды кеңірдегін.


Жоңғарлар тағы шапты жүз мың қолмен,
Шыққандай қара топан құзғын жерден.
Бұл жолы қосып Еділ қалмақтарын,
Тоймауға күрең қанға тізгін берген.


Пілтелі зеңбіректер қарға мойын,
Жеріне Жетірудың салмақ ойын...
Басына көк аспанды құлатпақ па,
Талқандап кіші жүздің шаруа жайын.


Найсаптар білмейді-ау бұл Жетіруды,
Сынуды, ар көретін кетілуді.
Ұлдары адам түгіл жалмауыздың,
Суырып алатынын өтін улы...


Айлакер жеке батыр Тайлақ еді,
Жайлауды жатқан еркін жайлап елі.
Шынтақтап қариялар көк шалғынға,
Қаласа жететін-ді айға қолы...


Сан емес, қан майданда сапа керек,
Таңы да күшті жұрттың атады ерек.
Шабады мыңға жалғыз рухы жойқын,
Мұндайда берілетін бата бөлек!


Жатса да оңын тауып талай егес,
Жүз мың жау! Бұл, әрине, бұл оңай емес.
Тәуекел! - деді, қайтпас Дербіс батыр,
Сүңгісін жұтқан талай қарау өңеш.


Даңқы бар Дербіс батыр ту ұстаған,
Салты бар жамандыққа жуыспаған.
Күн туған ел басына қиын шақта,
Қалтқысыз табар еді дұрыс қадам.


Болса да қанша мықты қалжаң қоңды,
Батырлар іздемейді арзан жолды.
Бар-жоғы жетірудың құрамында
Жанкешті жеті жүз-ақ сарбаз болды.


Артында арда жұрты - сүйенері,
Баһадүр бәрі де оның дүлей еді.
Әр сөзі атан белін талдыратын,
Ойларын ортаға сап жүйеледі.


Бас иіп Дербіс батыр абат таңға,
Абат таң әппақ нұрын таратқанда.
Шығартты өздерінің жаназасын,
Тірідей тізгін беріп Жаратқанға!  -


Жасындай жарқ еткізіп қараңғыны,
Белгілі болды нағыз адам құны.
Діліне батырлардың басын шайқап,
Таң қалған есіткенде ғалам мұны.


Сәбиі туылатын табанды, ірі,
Тұтасқан сеніміне адалдығы!
Біз жаққа келгіш болсаң достықпен кел,
Жұқпайды сонда оның саған "кірі"!


Соңында шуылдаған мың қосыны*,
Жарқабақ Галдан Церен білді осыны.
Жеті жүз жанкештіге қарқ- қарқ күліп,
Қадалып маңайдағы гүлге сұғы...


Қыран көп жетірудың баласында,
Қанатын күйік шалмас тар асуда.
Басталды осылайша ұлы шайқас,
Қазақтың құлан өтпес даласында.


Ырғыздың бір ендігі батпақ еді,
Қап-қара ұйық болып жатқан өлі...
Жаңбыры күндіз-түні тоқтамайтын,
Қайтпайтын оған барған артқа кері.


Құс екеш құс ұшпайтын бұл өңірде,
Еркімен аяқ басар кім өлімге.
"Үмітсіз - шайтан"деген жанды сөзді,
Қай қасқа ендірді екен сұм өмірге.


Сол тұсқа Тайлақ батыр қарап тұрған,
Сығалап таң атқанда абат қырдан.
Жылт еткен жарық сәуле осы болды,
Сілкінткен тұлпарларды жарап тұрған.


Шегініс жасағандай шамалы ұзап...
Бетке алып сол батпақты - қара тұзақ.
Жетіру сарбаздары жөней берді,
Жеңістің сәл де болса амалы ұнап.


"Қазақтар қашты..." деп жау дүрлігісті,
Жалаңаш білектерін түрді күшті.
Шұбырып созылды мың шақырымға,
Мақсатты тындыра алмай бір жұмысты...


Нөсерлі жаңбырға да жақындады,
Түк болмай қоңтайшының ақырғаны.
Ұңғысы, суға толып от берері,
Пілтелі зеңбіректер атылмады.


Түйсіктер көздегенін орындатты,
Болдың ғой, қанқұмар жау сорың қатты.
Бөрідей сырғып шептің артқы жағын,
Жетіру сарбаздары орып жатты...


Құтырып нөсер жаңбыр, балалап нақ,
Жау ішін беймәлім бір жара қаптап,
Жүз мыңды бір-ақ деммен жұтып тынды...
Қара ұйық, қара тажал, қара батпақ!


Оқырман, бұл жеңісті бағалап бақ,
Бұл күнде сонау ұйық ала қатқақ.
Сытылса үш жүз қолмен Галдан Церен,
Бұл енді - айтары жоқ шамалы-ақ бақ!..


Сығалап тарих - көштің қалқасынан,
Байғыздар күркілдейді жар басынан.
Жүз мың қол масқара боп жетірудың,
Жеңілді жеті жүз-ақ сарбазынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу