Өлеңдер ✍️
Төрттағандар (10)
Қызыл тілі - ай мен күннен сауған нұр,
Алақаны - жапырағын жайған гүл.
Күркіресе - құты қашқан таудың да,
Қарияның ақ батасын алдың ба?
***
Өзі шығып, өзі таң боп ататын,
Ұясына өзі барып бататын.
Күнге қарап күл шашпаңдар, адамдар,
Құйттай да оған міндетің жоқ артатын.
***
Алып таудың арқа тұсын қыздырып,
Шекесінен жарқырап күн шығады.
Шапағына зәру гүлдер үздігіп,
Сәлем жасап басын иіп тұрады.
***
Сыбдыр-сыбдыр жапырағы баулардың,
Бірін бірі түртіп жайнаң қағады.
Шыққан жылға етегінен таулардың,
Нуға қарай жылдам басып барады...
***
Жазып қойған картинадай баурайға,
Ақ отаулар көздің жауын алмай ма?..
Лайық болсын тақияңыз бастағы,
Шұғылалы жыр шашатын маңдайға.
***
Қызғаныштан өліп кетер көр-пенде,
Шот шекелі асқақ тұлпар бар менде.
Күлдір-күлдір кісінейді қас жүйрік,
Топты жарып аламаннан келгенде!..
***
Бұрын қыздар жазушы еді кестелеп,
Орамалға жалын атқан сезімін.
Қазіргілер өмірге жүр өкпелеп
Іліп тастап тамшы жасын көзінің.
***
Көзді байлап сұп-сұр бояу буалдыр,
Ымырт түсті мал-жаныңды санатып.
Шырқау көкте қанат жайып қыран жүр.
Бауырына кеш шапағын жалатып.
***
Төреліктің тасын қолға бергесін,
Бәрін әділ таразылау ерге сын!
Қуаныш пен қайғыны, енді, қайтесің?
Екеуі де жылатып тұр пендесін!
***
Өлімнің де не екенін ұқпайтын,
Сезім атты мұңды өлке бар жүректе. -
Бір жан таппай құпиясын құптайтын,
Талай Мәжнүн батып кеткен... шүңетке.
***
Өнер осы! Отын жарып, от, жағып,
Өз алдына құрған өлмес патшалық.
Айдын көлге мамырлатып аққуды,
Көк аспанға іліп қойған ақша бұлт.
***
Мінсіз мүсін - ол да сенің байлығың,
Мінсіз мінез - тұрмыстағы шайлығың.
Ұтылады бәрінен де жалаң қол,
Алам десе аспандағы айды кім!
***
Ай астында жыр құраса ақындар,
Қобызшыға нар идірген күй серік.
Қара түнде бүлкектеген батырлар,
Ел қорғайды аттың жалын бүркеніп.
***
Кейбіреулер сезініп жүр өздерін,
Секілді бір жазатайым күл басқан...
Қарап тұрсаң жүзде шырай, көзде мұң.
Айта алмайтын шындығы бар бір "дастан...".
***
Бой да өсті, шамырқантып ой өсті
Ұлт мүддесін жоқтамасын қай есті.
Мінберлерден түрпідей сөз сөйлейтін,
Керек пе екен кекештерге көмекші?!.
***
Кім екенсің, қалмай қойған соңымнан?!
Маған таныс емессің ғой бұрыннан.
Ертелі-кеш соны ойлаумен өзім де,
Кісі үркетін жандай болдым сұрымнан...
***
Тосын дыбыс шығармастан сен тұрдың,
Бір ауыз сөз таба алмастан мен тұрдым.
Жанарыңа сыйып кеткен дүние,
Бәрін айтты... тамшы жаспен ұқтырдың!..
***
Көкіректе жатыр қанша мұң мен шер,
Оның бәрін айтып сізге нетейін.
Аман болсын ақ баталы үлкендер,
Аман болсын жаныңдағы жетегің.
***
Осы болды жазылғаны маңдайға, -
Мұқым қазақ не жазды қу құдайға.
Сенгендерің - сатқын, ұры, қанішер...
Мұның бәрі кеңсірікті жармай ма?
***
Жетпістегі теке сақал қыз алып,
Сыпсың кетті аяқ-қолы ұзарып...
Апақ-сапақ жетті желпіп түндігін,
Күн сүңгіді көкжиекке қызарып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇