Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  5


Автор: Оралбек Бек

Төрттағандар (9)

 


Көркіне сай жазылатын түмен жыр,
Қазақ жерін
қаттап сатып біреу жүр.
Жайлау да жоқ, дүбір де жоқ, жоқ тұяқ
Бүгінгі ердің қолында
тұл-жүген жүр.


***
Жан жағыма қайран қалып қараймын,
Тұр ғой жұртты бөле-жармай арай-күн,
Түсінбедім түпкі ойына, десе де,
Дүниеге сыймай кеткен талайдың.


***
Қайсарлығың жарқырасын көзіңде,
Жеңілсең де, мойындай біл, езілме!
Қайтер едің есіл бабаң оянса,
Дәл мынадай шала мүскін кезіңде!


***
Сен кім едің айы туса оңынан,
Адаспайтын тура жүрген жолынан.
Қателік те тек тіріге тән нәрсе,
Адам болсаң... ойлап көрші арыдан.


***
Шіркін қыстың сұрқы қашты тағы да,
Ақ боран жүр желбегейін қаққылап.
Алақаншық шоқ тигендей шабына,
Кетті ол да бөктер асып шапқылап.


***
Ай, жұлдыздан биік тұрған шоқтығы,
Ақ махаббат жырымен бой түзедік.
Сол екен ғой бақытыңның шаттығы,
Гүлін бағып, нұрын жүрсең күзетіп!


***
Ойлы жандай бүкірейткен сан сұрақ,
Ұясына күн де кірді сансырап.
Кешкі шапақ жалап өткен бөктерлер,
Алаулайды жатқандай бір қансырап...


***
Баурайлардан малдың иісі аңқиды,
Көріністен жүрек шіркін шаншиды:
Кетті өңгеріп қара құйын қаңғыбас,
Жетімсіреп жұртта қалған жарты үйді.


***
Қырат қайда, қасқыр түкті бел қайда,
Таз кепештей ауыл қайда, мал қайда.
Аяңдаған ақ мамықтың артынан,
Соқты ақ боран сыймайтын тар маңдайға.


***
Кешіп өткен Еділ, Есіл, Ертісті,
Қас тұлпардың аяғына жем түсті.
Тыңдай-тыңдай кесапат пен кердеңін,
Мына заман кесек-кесек қан құсты.


***
Ақ боранмен шыққандай-ақ жекпе-жек,
Секектейді бір-ақ уыс ақ көжек.
Салпаңқұлақ аңшы күшік ол да жүр,
Ақ қарға аунап, ойында жоқ басқа есеп...


***
Бұл жалғанның жалғандығын дәлелдеп,
Жатқа оқыдың әр сөзіңді мәнерлеп.
Құмнан қазған құдығыңнан не пайда,
Қабырғасын кетпеген соң шегендеп.


***
Түпкілікті болмаса да азары,
Бұл дүниенің көп қой шіркін ғажабы.
Құзқұмарлар мерт болғандай сол құздан.
Құсбегі көп, құстан келген ажалы,


***
Орманыңның етек, жеңін кескілеп,
Тастайтындай бар еді не жазығы?
Кетті білем айды, күнді "ешкі" жеп,
Болып тұрған тіршіліктің қазығы!


***
Қашқаныңмен түнгі жайсыз түсіңнен,
Өз теріңнен өзің шығып кетпейсің...
Болсаң егер сөздің мәнін түсінген,
Сүртер жерді... ояуыңда сүрткейсің!


***
Арман-арман! Шет-шегі де жоқ оның...
Алтайыдай жалт бергені болмаса.
Тапсын, мейлі, құстар көктен керегін,
Қанағатын баспас жерге қонбаса.


***
Жылдар мұңын қалдырдық та қараусыз,
Сындарлының сыры кетті алаңсыз.
Қақыраған қабырғаңды қайтесің,
Болмаған соң жұтқан ауаң қыраусыз...


***
Кетті алысқа ай да жырақ, күн жырақ,
Үйреніппіз жүруге де тұнжырап.
Соңғы отыз жыл... қазақ үшін қара жыл,
Елдік сана кеткен төмен құлдырап!


***
Жат пиғылдар тамсанатын көркіне,
Асқынып тұр қайран дала дерті де.
Бір қазақ боп бірікпесең, түбінде,
Сын болады-ау, басыңдағы бөркіңе?


***
Мың жылдардан аттап өткен ақаусыз,
Арғымақтар бүгін неге жарамсыз?
Жылқымінез ұлттың асау ұлдары,
Кім боп кетті?.. Қазақ болсаң ұғарсыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу