Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  14


Автор: Оралбек Бек

Төрттағандар 4

 


Содан бері,
Құпиялап... дерт тегін,
Маған тастап кетіпсің ғой тек шерін.
Үлпілдетіп домбырамның үкісін,
Сағыныштың сазы болды шерткенім...


***
Мейлі, бұлт бол, жауамын деп жаумаған,
Мейлі, адам бол, жүрек оты лаулаған.
Жерден неге іздемейсің жоғыңды,
Аспан жаққа телміреді қай надан...


***
Қызық керек болса бауға келіп көр,
Гүлдегенде шиелер мен өріктер.
Бәрін, жұтты... бәрін құртты аралар,
Қызыл көрген, гүжілдеген, желіккен...


***
Думандатып келді көктем, не керек,
Сайран күннің көрінісі керемет.
Сары гүлдің күлтесінде шоқтай боп,
Отыр бір топ қызыл қанат көбелек...


***
Кейде өкініп қалғаныңдай санды ұрып,
Арман деген... әшейін бір жаңғырық.
Махаббат та бір-ақ сәттік білгенге,
Қарап тұрсаң бір минут та - мәңгілік.


***
Қай істің де бар оңайы, қиыны
Желдің дағы бар самалы, құйыны.
Болмаса да қызыл тілдің сүйегі,
Болу керек әрбір сөздің түйіні.


***
Өз тағдырың өзіңдікі, біл мұны,
Жердің де бар түндігі мен, кіндігі...
Өгей тері жылытпайды өзгені,
Бұл өмірдің нақтыланған шындығы.


***
Сымбатында болмаса да еш қасаң,
Тас та сынар жоғарыдан тастасаң.
Қиянатқа кешірім ет, мейлі етпе,
Көкейіңнен кетпейді ізі ешқашан!


***
Міндет саған, қорғау, төрің, көріңді,
Намыс туын құлатпаған еліңді.
Қасарыссаң көкбөріше қасарыс,
Сын сағатта сақтау үшін өзіңді.


***
Ойша кешіп шағалалы теңізді,
Жан да болдық жадыраған жаны ізгі.
Қиял тәтті... десе де ол сезімді,
Кәдімгідей жұбатпайтын тәрізді...


***
Көре-көре айсыз түндей сараңды,
Самайың не, төбе шаш та тоналды.
Бұтағына екі сұлба жайғасқан,
Айға қарап мөңірейді тораңғы...


***
Кеш түсті де төрге шықты түн сырғып,
Маужырайды әдеттегі қой тірлік.
Тал басында отыр үнсіз кәрі үкі,
Кәрі үкіге жарасады ойшылдық.


***
Таба алмайтын сымбатына тең өлең,
Алтын табақ сырғып түсті төбеден...
Ұясына кіріп кеткен күн екен,
Ай селк етті көзін сүзіп сүзеген.


***
Бақыттымын, жасырайын мен несін,
Зеңгір көкке құстар әні төрлесін.
Саусағыма тиіп кетіп саусағың,
Шашып кетті-ау, ақ сезімнің пердесін.


***
Ақша бұлты көзді байлап аспанның,
Өзіңді ойлап басыма мұң жастандым.
Биігіне жазып кеттім атыңды,
Күн шуағы түсетіндей тастардың.


***
Айдын беті шеңбер-шеңбер гүл ме екен,
Тамған тамшы өкініш пе, мұң ба екен.
Суға түскен ай нұрынан сені іздеп,
Жалғыз аққу жасын сығып жүр ме екен!


***
Ес жимадым діңкелеуден, шаршаудан,
Сен де өзіңше шыға алмадың қоршаудан.
Бұл жалғанды айтпас едім жалған деп,
Жанарыңнан балдан тәтті мұң сауған...


***
"Бәрін шақтап кию керек бойыңа",
Деп айтатын жандар қалды жайына...
Заман келді "тірі өліктер" сөйлейтін,
Нелер келіп, не кетпейтін, ойына.


***
Күнде бір тон ауыстырған жағалы,
Уәдесі көп жаннан без - танады...
Адамдар бар лыпасы жоқ
үстінде,
Ішіктер бар ішінде жоқ адамы.


***
Тіршілікке сая болған, дем берген,
Қара орманның қайысқанын кім көрген.
Тұрлауы жоқ зиялыңнан малшы озды,
Елдің мұңын жотасына өңгерген.


***
Тасты жарып шыққан сансыз тасбұлақ
Сыңғырлайды шатқалдарда бас құрап.
Жылға бойы ырғалады -
жап- жасыл,
Жоғарыдан сауқат жеткен жас құрақ.


***
Заманында қайнап бойда қайсарлық,
Бір жігіттей ерулі атқа ер салдық.
Дәл қазіргің жарамайды қазаққа, -
Айтатының шерлі әңгіме, делсалдық.


***
Кеше: жігіт едік әні өшпеген,
Тірлік еткен қылауы жоқ еспенен.
Бүгін: ешбір мүдде де жоқ... жол тарттық,
Ыңыршағын ит-құс тартқан көшпенен.


***
Зеңгір көкке самғағалы көп болды,
Арман екен, бәрі де оның жоқ болды.
Домбырамның ішегіндей үзілген,
Жүрегімнің төріне ыстық шоқ қонды...


***
Сені ойлаумен өртендім бе, жандым ба,
Көп кідірдім терезеңнің алдында.
Әлі есімде, іздеп барып сонан соң,
Құлағаным, иісің сіңген шалғынға.


***
Домбыраны шерте алмаймын тиексіз,
Айта алмаймын сөзді дағы сүйексіз.
Соған қарап ойлап қалма сен мені,
Иісалмас, жан екен деп жүрексіз.


***
Жырақтағы ай мен күнге сенбеймін,
Қараңғыны айтсам - мүлде көрмеймін.
Пендеміз ғой, қиыс кетсем кейде бір,
Ешкімсіз-ақ, өзімді өзім жөндеймін.


***
Қылығына мұқым халық елеңдер,
Бұл күндері адамдар бар кемеңгер.
Қанды қол кім қаңтардағы кешегі?
Неге өлді бес-он жасар өрендер!
  ***
Ақын өлді... жырлап өскен ауылын,
Білмеді ешкім, бұл пақырдың жауы кім?!.
Күн көзімен қарасаңыз, шіркін
жер,
Екен-ақ қой, қауызындай тарының...


***
Қасқа, дүние! Асықпай да жалықпай,
Күн кешіппіз қайраңдағы қайықтай.
Өткен жылдар күрсінісін күйсеумен,
Мұңымыздан жүрміз әлі айықпай.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу