Өлеңдер ✍️

  10.06.2026
  57


Автор: Оралбек Бек

КЕЛІНШЕКТАУ

 


Көгінде жүзген кемел күн,
Қаратау сенде ер жеттім.
Падишасындай әлемнің,
Көркіңе қатты шөлдеппін.


Жаттатушы еді ұрандай,
Самалың жібек ән құрап.
Сумаңдап сусып жыландай -
Сылқылдай күлген мың бұлақ.


Бұлттарды жарған оқ мүсін,
Шыңдарың есен сау тұр ма.
Жоғалтып алған құрбысын,
Келіншектауым барсың ба?


Сары алтын еді саздарың,
Сағымға жібек ілгізген.
Қалқыған көкте қаздарың,
Кеудесін күнге сүйгізген.


Айдыны күміс көлдерім,
Қабарған қара шатқалым.
Көкбөрі жортқан белдерім,
Тамыры терең қарт тауым.


Дауылпаз жүрек бар сенде,
Арысы алты семсердей.
Екпінді дауыл бар менде,
Қасқайса кетпес еңсермей.


Шалықтап кейде түн қатып,
Шығандап кетсем кеш, мені!
Сағыныш құрты сыздатып,
Кеудесін кімнің теспеді...


Оралбек 'Бек
10.06.1997 ж




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу