Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  19


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Аяулы аға, сағынам

 


(Марқұм, әйгілі әнші Рақым Бисаринге)


"Сүйікті інім! Мына дерт келіп жабысты. Ажал алмай тынбас, тегі. "Өзекті жанға - бір өлім!" дейді ғой...
Ажалдан сескенбеймін. Мен сендерден мәңгілік көз жазатынымнан қорқамын. Қош, інім!
Ағаң Рақым...".


Жүрегімді тіліп өтті-ау мына хат,
Ал, жыладым, ал, жыладым тұра қап.
Ажал деген еш адамды аяр ма,
Ол қатыгез кімнің жөнін сұрамақ?!


Өзің кешкен келте ғұмыр нұрлы еді,
Есімде жүр сол жылдардың дүрмегі.
Домбыраңа бұлбұл үнін қосқандай
Төгілетін ән кені мен жыр кені.


Сұңғақ бойың, бәйтеректей тұлғаңа,
Көз салу да бақыт еді бір ғана.
Сахнада әнді шырқап тұрғанда
Бар төңірек елтуші еді нұрлана.


Өзіңменен бірге дала ән салып
Тұрғандай-ақ ел тыңдайтын тамсанып.
Көзімізге түспей кетсең кей уақыт
Жоғалтқандай бір асылды, аңсадық.


Зор тұлғаңа тек жылылық ұялап,
Еш адамға жасамадың қиянат.
Адамдықтың асуына өрледің,
Алатаудай асқарларды қиялап.


Тура тартқан кісіліктің тізгінін,
Қасиетіңді ардақтаймыз біз бүгін.
Жан-жүрегің жақсылыққа жаралған,
Жадымыздан шығар емес ізгі үнің.


...Аяулы аға, адамды өмір сынамақ,
Сол өмірде жасамадың бір ағат.
Асыл бейнең көз алдыма келгенде,
Көкірегімді тілгілейді мына хат...


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу