Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  8


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Шалдар кетсе, шындықты кім айтады?

 


Көңіл-кенен, қиял-көп, арманы-бай,
Арттарында ақық сөз қалған ұдай,
Кеукілдесіп қалатын амандассам-
Азайып барасыңдар, шалдарым-ай!


Ақ тілегін жаныма орай көрем,
Алғысымды өткенге қалай берем?!
Бір шал болды әкеммен құрдас менің
Ауылымда, ардақты Орай деген.


Осы қартты әкеммен құрдас дейін,
Бәлкім кіші шығар да бір жас кейін.
Жақсылығы болмаса бойында оның,
Жамандықты жанына қылмас бейім.


Жастау кезім, тимеген жүген, құрық,
Болмашыға желігіп, жүрем күліп.
Түсіп бірде көзіме сілем құрып,
Сыбағамды бергені бір оңдырып.


"Жөні барға балап ем ағайында,
Жын-сайтанның жүрсің бе маңайында?!
Рекең жоқ, орнына Рекеңнің
Иттей қылып дәл қазір сабайын ба?!


Қуанта ма деуші едім жамағатты,
Өсе көрме адам боп жаманатты.
"Баласы Рамазанның нашар деген"
Есің болса, әкеңе жамама атты!".


Сыйлаушы едім керемет бұл адамды,
Ақыл айтса-мен, тегі, ұнағам-ды?
Сабамай-ақ Орай қарт сол арада
Сабағандай берді ғой сыбағамды.


Жолы қисық адамдар дау қылады,
Жасық іске көңілін аудырады.
Тасып кетсе мейманаң жұрттан асып,
Қандай жақсы қарттардың баулығаны.


Көңіл-кенен, қиял-көп, арманы-бай,
Арттарында ақық сөз қалған ұдай,
Кеукілдесіп ауылда қалған екен
Үркердей-ақ бір шоғыр шалдарым-ай!


Қарттар кетсе, көңілді мұңайтады,
Абыз жанның бейілі тыңайтады.
Шалдар деген ағатты шын айтады,
Шалдар кетсе, шындықты кім айтады?!


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ


"Солтүстік Қазақстан" газеті 3 шілде 2014 жыл 11 бет




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу