Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  8


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Дала

 


Жерұйық боп көнеден қалған аңыз,
Сардаламнан ардақты бар ма Анамыз?
Атамыздың арманы әлдилеген
Алтын бесік емес пе сардаламыз?


Сол далада туғанмын, сайын қырмын,
Келсе егер ақынның жайын білгің.
Жеңіс күнін даламның бақыт дедім,
Кемістігін жүректе уайым қылдым.


Далам барда-шың да мен, тауың да мен,
Бұл даладан табады ауырған ем.
Даласындай қазақтың пейілі де
Беретұғын дос пенен бауырға дем.


Бір перзенті болған соң сол даланың,
Қолға аламын қаламды, толғанамын.
Төрт құбылам тең менің далам барда,
Толар онда атам мен орны ананың.


Көңілімді толтырар асыл көрік,
Көк көлдерім жатқанда қасын керіп.
Далам менің, бақытың арылмасын,
Мерей тасып, ғасырдан ғасырға еріп.


Туған дала қадірін әркім ұғар,
Болмасыншы ешқашан алды мұнар.
Мен қалайша сүймеймін сардаламды,-
Сол даламда қазақтың тағдыры бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу