Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  11


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Абайға ғана жүгінем

 


"Биік мансап - биік жартас,
Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,
Екпіндеп ұшып қыран да шығады..."
Абай 37-ші сөз.


Кештім де ғұмыр әр шағын,
Ізгілік, сені, аңсадым.
Аңсадым, дел-сал шаршадым,
Тілемей өмір мансабын.


Көрместен жұртты кінәлай,
Көңілге қонып ұстамы,
Балауса күннен ұлы Абай
Адамдық жолын нұсқады.


Шықпады ғибрат көңілден,
Кетес де қажыр-берекем.
Мансап-жұт деген өліммен
Ойласам, нап-нақ тең екен.


Ұсынар елге ой дайын,
Тұратын әман санада.
Мейлі, мен қыран болмаймын,
Жыланға бірақ балама!


Ойды ой қозғап, түлетем,
Қамайды бойды сан ойлар.
Жанымда менің жүр екен
Жыланнан аумай талайлар.


Езеді өмір қалайда
Зілмауыр батпан жүгімен.
Қиналған шақта Абайға,
Абайға ғана жүгінем.


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ


"Солтүстік Қазақстан" газеті 31 қазан 2019 жыл 7 бет




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу