Өлеңдер ✍️
ҒҰЛАМАЛАР ҒИБРАТЫ
Толғау
Мен – ауылдың баласы,
ауылда өстім,
Әке көріп, оқ жонған қауымға ілестім.
Ауыстыра алмайды ғұмырлық дос,
Адал жүрек, тілеулес бауырды ешкім.
Баласындай бір әке, бір ананың
Болып кеткен достарға қуанамын.
Ғибратына елтуші едік аталардың,
Әсіресе Бәридей ғұламаның.
Жақсылардың жүрекке хошы дари,
Емес бізге оғаш та тосын әр үй,
Жиып алып жанына балаларды
Ұлағатын айтатын осы Бәри.
Аямайтын адамнан жан қуатын,
Адалдыққа арнаған бар мұратын.
Қылығы жоқ жамандық жаудыратын,
Жылы сөзбен сырқатты сау қылатын.
Тұрмаса да байлықпен Күні күліп,
Әдебі зор, үлгісі, ұғымы нық.
Сезбесек те балалық шағымызда
Есейгенде тәу еттік мұны біліп.
Сөйлемеген танытып өзін өктем,
Санасызға ақылы, сөзі де өткен.
Жалғыз ғана ақауы ғұламаның
Бес жасында сырқаттан көзі кеткен.
Байлық емес, ілім ғой қолда бары,
Сөзін естіп көрген жан толғанады.
Екі көзі зағип Бәри молла
Жаттап алған Құранды сонда-дағы.
Өйткені оның бойында оты жанған,
Естігенін зейінмен тоқып алған.
Жатқа білген жыр-дастан, хиссаларды
Көзі барлар бір мәрте оқығаннан.
Жанын оның өстік біз нұрға балап,
Тұла бойы – төзім мен шын қанағат.
Сафуан, Тахауи мен Әбдіжәміл
Таңдай қаққан «Неткен, – деп, – бұл ғаламат!»
Жарық нұрды көруді ол арман қылған,
Жан жүрегін біліммен алдандырған.
Ұлы Абайдың жырларын, қара сөзін
Жаттап алып ел-жұртты таңғалдырған.
Өзге оқып, ол тыңдап, бір амалын
Тапқаны да ақиқат, бұл да мәлім.
«Ғұлама!» – деп Сәбеңнен алғыс алған
Жатқа айтып «Жұмбақ жалау» романын.
Бекер емес дананы жыр етуім,
Барлық жайын жасымнан білетінім.
Екі ұлының үлкені Сапар – досым,
Арамыздан қыл өтпей жүретұғын.
Өмір жүгін арқалап ол да, мен де,
Өлі балық жолыққан өлмегенге.
Құлашымыз жазылмай қиындықтан
Қиналдық қой қанатты сермегенде.
Жан аз еді-ау жетімдік күйімді ұққан,
Жылы сөзді дәме еткен дүйім жұрттан.
Әкесінің жағдайы әлгіндей боп,
Сапар-дағы мұң шеккен қиындықтан.
Мен Бәкеңнің танығам шын өнерін,
Айтуым жөн ізгілік тілегенін.
Құран-Кәрім болатын жұбанышы,
Тәңір жолы болатын тірегі оның.
Жолға салып келешек өмір-керуен,
Көкірегіне керемет сенім берген.
Көзі бардың санасы жете алмаған,
Бойлай алмай сырына оның көрген.
Растығына Алланың сенген еді,
Бұл жағынан оған аз тең келері.
Уәзипа анамыз – жұбанышы,
Қиналғанда таяныш, жөн берері.
Жетілгені кештеу ғой санамыздың,
(Олқылығы осы ғой бала біздің ).
Адам айтса, нанғысыз зор хикая
Көрмегені жоқ екен анамыздың.
Ата-анасы жасынан болған ғайып,
(Мұны біліп қалайша толғанбайық?).
Оны-дағы тағдыры аямапты,
Жетімдіктің шеңгелін алдан жайып.
Бақыт толмай сол шақта құшағына,
Жетімдіктің шырмалған тұсауына.
Қосылыпты ол осы зағип жанға
Болмаған соң қонары, ұшары да.
Қос аяулы осылай ғұмыр кешкен,
Қиындыққа шыдаған бүгілместен.
Алты бала өсірген шаңырақта
Ерліктері кетпейді бүгін де естен.
Бірі зағип болғанда, бірі – жетім,
Өмір сын ғой сау адам сүрінетін.
Екеуара алпыс жыл ізгі ғұмыр
Сүргендері ғибрат қой жүгінетін.
Бақыт сол ғой жарқырап атса таңың,
Сақтай біліп дананың жақсы атағын.
Тоқсан асып ана да өтті өмірден,
Аттандырып сәл бұрын ақсақалын.
Озығы боп тең, құрдас, қатарының
Ата болған Сапар-дос, Жапар-інім.
Немересі Медет ол азамат қой,
Ұмыттырған атаның қапа күнін.
Жақсыларды келеді «Дана!» дегің,
Даналардан үлгі алған Сара-келін.
Сүйгізіп ол қарттарға немерені,
Дарытқан ғой бойына бар әдебін.
Ғибратты айтуды жөн санадым,
Әдебі мол Баян-келін, сол Сараның.
Кейінгіге өшпейтін ғибрат қой
Келіндердің кісілігі болса мәлім!
Есімізде біз өткен ол белестер,
Жүректе жүр ғибарты, сол кеңестер.
«Алтын!» десек, асылық айтқан болар,
Алтыннан да, алайда, кем де еместер.
Толғандырып осы ой бізді бүгін,
Ырқындамыз өлеңнің тізгінінің.
Мен жырладым сыйластық отын жаққан
Қос дананың үлгі етіп ізгілігін.
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇