Өлеңдер ✍️
Қазақ тілі
Адамзатқа жарасады даралық,
Өз тілінен, өз қанынан жаралып.
Өз жүрегі кеудесінде бүлкілдеп,
Өгей емес, төл анадан нәр алып.
Туған тілім-қаны бірге, төл анам,
Өз анама қалай өгей бола алам.
Жүрегімді отқа, оққа тосармын,
Төл анама тимесін деп зобалаң.
Жүрегім де, қаным-дағы, тілім де-
Өз жанымнан кем көрмеспін бірін де.
Тисін деймін өз халқыма бір пайдам
Хауіп төнбей басына бір түбінде.
Мына жүрек, мына тілім, мына қан,
Ата-бабам мирас қылған сыбағам.
Уа, тағдыр, өмірімнен айыр да
Өз тілімнен жұрдай қылма, сұранам!
Мына тілім, мына жүрек, мына қан,
Өзге болса-арылмайын күнәдан.
Бұл өмірге қазақ етіп жаратқан
Айналайын бабам берген мұрадан.
Мына жүрек, мына тілім, осы қан,
Іркеле ме деген оймен шошынам.
"Анасының безген мені нәмәрт" де
Зәредей бір күнәм болса осыдан.
Мына жүрек, мына қаным, бұл тілім,
Сездірсінші өз ұлтымның бүлкілін.
Ана тілдің асыруға құрметін
Бар жігерім таппасыншы іркілім.
Сүйе алмаспын өзге тілді өңгені,
Болсын тіпті басқа қылыш төнгені,
Өлер болсам, қазақ болып өлейін,
Ата-бабам дәстүрімен көм мені.
Жасым болса, тамсын сенің төсіңде,
Анам үшін айналармын есілге.
Туған тілге қиянатым бар болса-
Тілім-тілім болсамдағы
Кешірме!
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇