Өлеңдер ✍️

  04.06.2026
  93


Автор: Әліпов Айтбек Рымбекұлы

БАЙДАЛЫ-БИ (Абылай аспас сары бел) Жыр-дастан

 


 


Сарыарқа сайын дала кең мекені,  


Кеңдігі шапқан сайын өрлетеді.


Бұл өлке-сұлулықтан туған қыз бен,


Намыстан жаратылған ер мекені.


 


?Төсіне Жаңаарқаның кие қонған,


Мамырда босамайтын бие баудан.


Білектің күшіменен ерлер қорғап,


Бұл елге текті жұртым ие болған.


 


?Сылдырап ағып жатқан Сарысуым,


дертке шипа, дәрі суым.


Қуаты сенде жатыр дүбірлеген,


Тұлпардың тайпалмайтын шабысының.


 


?Бұл өлке бай қазақтың жайлауы да,


Сүтінің бетіндегі қаймағы да.


Құт қонған құрсағынан туған екен,


Бекшенің бел баласы Байдалы да.


 


?Бабасы Арқадағы Арғын екен,


Арғыннан асып туған алғыр екен.


Қуандық арғы атасы, одан Алтай-Мойын,


Шежіре тарқататын әңгіме екен.


 


?Әкесі Бекше деген асыл адам,


Алдында хан мен бидің жасымаған.


Қанына тартпағанның қары сынсын,


Байдалы туған екен асып одан!


 


?Жасынан даналарға серік болған,


Ақылы бір басына көрік болған.


Қамшысын билерменен қатар ұстап,


Антына адамдықтың берік болған.


 


?Тәнті қып билігіне бар ауылды,


Қазыққа әділ сөзін қаға білді.


Жер дауы, жесір дауын шешкен сөзі,


Қақ жарып өтеді екен қара қылды.


 


?Бар болса Абылайдың сегіз биі,  


Байдалы-ақыл ойы теңіз биі.


Хан тақсырдың сөзімен мәтел болған,


Сегіз бидің ішінде семіз биі.


 


?Жалғанның кімдер тойған қызығына,


Тойса да шыдау керек шыжығына.


Бауыры Бәйтелідей жалалы боп,


Жетіпті Абылайдың құзырына.


 


?Кінәлі бір бейбақтың қазасына,


Қашыпты Бәйтелінің мазасы да.


Төренің өз тұқымын өлтірді деп,


Кесіпті бұны өлім жазасына.


 


?Інісі танытқан соң ағат қылық,


Жазасын алғалы тұр жарап тұрып.


Сол кезде Байдалы би былай дейді,


Немере інісіне қарап тұрып:


 


?Аузыңа неге алмайсың, А Құдайды?


Қолқаға салмаймысың Абылайды?


Сұм өлімге кесілген сен түгілі,


Лақ та бауыздарда маңырайды.


 


?Абылай сөз астарын түсініпті,


Жазасын құн өтеуге түсіріпті.


Төренің тұқымы үшін екі адамның,


Құнын бер деп танытқан кісілікті.


 


?Бұл үкім құныкерге ұнай кетті,  


Өлімнен қалған жүзін шырайлы етті.


Ал бірақ Байдалы би наразы боп,


Сол кезде Абылайға былай депті:


 


?Жүз кісінің рухы бар жұмыр етте,


Туысыңның басқадан құны көп пе?


Тұлпардың төбелдегі шашы көп пе,


Жоқ әлде денесінің түгі көп пе?


 


?Ұғынсаң бұл сауалда құдірет көп,


Көпшілік-Құдай салған нығмет бек.


Абылай іркілместен жауап берді:


“Тұлпардың денесінің түгі көп” деп.


 


?Әділдік орнатудың шеберіндей,


Би сонда былай деді сөге білмей.


“Қараша - сол тұлпардың түгіндей көп,


Хан тұқымы аз ғана ат төбеліндей.“


 


?Байдалы енді мықтап сөз қомдайды,


“Хан, тақсыр, білуші едің сен де ондайды.


Аруақ деп атасын шақырғанда,


Атына қонбайтұғын ел болмайды.


 


?Көп деген селден қатты қозғалады,


Сел болса аударады аз қараны.


Лақ құсап бақырғаны Бәйтелінің,


Арғынның алты арысын қозғағаны.


 


?Сол арғын бұғатындай жасық емес.  


Тағыңды да құлатар ашық егес.


Хан тұқымы болса да өлген адам,


Қарашадан сүйегі асыл емес.


 


?Осы сөз дүрліктірді бүгін көпті,


Байдалы түйін сөзді ұғын депті.


Төренің тұқымына екі емес,


Бір адамның береміз құнын” депті.


 


?Мүмкін бе бидің дауда сарқылуы,


Өзгеден артық сөзі, артық үні.


“Мерт болған адамыңыз күңнен туған,


Ол үшін жеткілікті жарты құны.”


 


?Деді де Байдалы би кесім етті,


Әділдік қара қылды тесіп өтті.


Аса алмай өткір биден хан Абылай,


Ақыры жарты құнға шешім етті.


 


?Сөзімен күш білекті матап кеткен,


Берілді биге ерекше атақ көптен.


Содан бері ел іші Байдалыны,


“Абылай аспас сары бел” атап кеткен.


 


?Тақта хан, төрдегі абыз сенері ұлттың,


Байдалы ақ перзенті көне жұрттың.


Арқаның шаңырағын шайқалтпастан,


Бақанын ұстап тұрды төреліктің.


 


?Дастан қып жырлағанда құбылды үнім,


Әр сөзін Байдалының ұғын бүгін.


Жақын-ажал болғанда, алыс деген-


Арасы білімсіз бен білімдінің.


 


?Зуылдап өтер тірлік алда күйбің,


Үлгісін Байдалы би жанға жидым.


Жырымды фатиха қып арнағаным,


Рухы шат болсын деп арда бидің.


 


Сөзі: Әліпов Айтбек Рымбекұлы.


 






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу