12.03.2026
  121


Қазақ тілінің болашағы жастардың қолында ма?

 


Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені баршамызға мәлім. Алайда бүгінгі күні жастардың бір бөлігі ана тілінде еркін сөйлей алмай, көбіне орыс тілін қолданатыны байқалады. Кейбір ата-аналар тіпті балаларын кішкентайынан қазақ тілінде емес, орыс тілінде сөйлетуге тырысады. Соның салдарынан шетелдіктер арасында «Қазақтардың негізгі тілі – орыс тілі» деген қате түсінік қалыптасып жатады.


 


Қазақ тілі – бізге ата-бабамыздан қан мен тер арқылы аманат болып жеткен құндылық. Бүгінде ол мемлекеттік мәртебеге ие. Әлемде алты мыңнан астам тіл бар болса, олардың тек 259-ы ғана мемлекеттік мәртебеге ие. Сол тілдердің бірі – қазақ тілі. Бұл дерек adebiportal.kz сайтында көрсетілген. Осындай маңызды мәртебеге ие тілдің болашағы, ең алдымен, оны қолданатын қоғамға байланысты.


 


Әсіресе бұл жерде отбасының рөлі ерекше. Баланың тұлғалық қалыптасуы ең алдымен отбасынан басталады. Егер балаға кішкентайынан ана тілінде сөйлеу дағдысы қалыптастырылмаса, бұл болашақта тілге деген қызығушылықтың төмендеуіне әкелуі мүмкін. Қоғамдық орындарда, ойын-сауық алаңдарында, көшеде немесе мектеп қабырғасында балалар мен жасөспірімдердің көбінің орыс тілінде сөйлесетінін жиі байқаймыз.


 


tengrinews.kz ақпарат көзінің мәліметінше, қазақ тілінде сөйлейтін халықтың үлесі 1991 жылы 37 пайызды құраса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 76,3 пайызға жеткен. Ал 2016 жылдың соңына қарай 82,3 пайызға дейін артқан. Сонымен қатар тілді меңгергендердің саны да көбейіп келеді: 2015 жылғы дерек бойынша бұл көрсеткіш 22,3 пайызды құраған. Ал орыс тілінде сөйлейтін халықтың үлесі 2015 жылы 0,6 пайызға азайып, 89,4 пайыз болған.


 


Демек, соңғы жылдары қазақ тілін меңгерген және қолданатын адамдардың саны артқаны байқалады. Алайда соған қарамастан, қазіргі жастардың күнделікті қарым-қатынаста басқа тілдерді жиі қолданатыны да назар аудартады. Тіл мамандарының айтуынша, жастардың тілдік ортасы мен әлеуметтік желідегі контент тілді қолдану деңгейіне тікелей әсер етеді. Егер жастар тұтынатын ақпараттың басым бөлігі басқа тілде болса, онда олар сол тілді жиі қолдана бастайды.


 


Бүгінде интернет ең ірі ақпарат көздерінің біріне айналды. Жасөспірімдер мен жастардың көпшілігі ақпаратты әлеуметтік желілерден, YouTube пен TikTok сияқты платформалардан алады. Алайда бұл платформаларда қазақ тіліндегі сапалы контенттің үлесі әлі де аз. Көптеген блогерлер мен танымал тұлғалар өз видеоларын орыс тілінде жүргізеді. Себебі орыс тілді аудиторияның ауқымы кең, ал қаралым саны жоғары болады. Нәтижесінде орыс тілінде контент жасаған адам тезірек танымалдыққа ие болады.


 


Соған қарамастан, 2024-2025 жылдары қазақ тілінде контент жасайтын блогерлер мен жобалардың саны да артып келеді. Мысалы, кейбір жас блогерлер TikTok, Instagram және YouTube платформаларында қазақ тілінде пайдалы ақпарат, білім беру видеолары мен ойын-сауық контентін ұсынып жүр. Бұл өз кезегінде жастар арасында қазақ тілінің қолданылуын кеңейтуге ықпал етуде.


 


Қазақ тілінің болашағы – әрбір жасқа тікелей байланысты. Тілді күнделікті өмірде қолдану, әлеуметтік желіде қазақша контент жасау және оны құрметтеу – болашағымыздың кепілі. Бала кезден қалыптасқан тілдік дағдылар, отбасының рөлі және қоғамдағы қолдау – бәрі бірге ұлттық тілдің дамуына әсер етеді. Қазақ тілінің болашағы тек заңға емес, оны күнделікті өмірде қолданатын жастарға байланысты. Сондықтан ана тілімізді сақтау мен дамыту – әр азаматтың саналы таңдауы әрі міндеті. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілінде сөйлеп, оны насихаттауға үлес қосса, тіліміздің болашағы да нық болары сөзсіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу