05.02.2026
  26


Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру

   


 



Құқықтық мәдениет – жеке тұлғаның заңдарды білу деңгейі ғана емес, оның заңға деген құрметі және құқықтық нормаларды өз еркімен орындауға дайындығы.
Өкінішке қарай, қазіргі жастар арасында заң нормаларына немқұрайды қарау немесе «заңды айналып өту» психологиясы әлі де кездеседі.
Оның басты себептеріне, күрделі заң тілінің, яғни, ресми тілдің жастарға түсініксіз болуы, қоршаған ортадағы құқық бұзушылықтарға көз жұма қарау, заңды тек «жазалау құралы» ретінде қабылдау жатады.
Жастар арасында құқықтық мәдениетті жай ғана насихаттау жеткіліксіз. Бұл бағытта жүйелі әрі кешенді жұмыс қажет.
Біріншіден, білім беру жүйесін реформалау керек. Бүгінде мектеп пен университеттерде заң баптарын құрғақ жаттату тиімсіз болып қалды. Оның орнына оқу процесіне нақты өмірлік жағдайларды, яғни кейс-стади әдісін енгізу маңызды. Студенттер мен оқушылар заңды жаттап қана қоймай, оны практикада қолдануды үйренуге тиіс. Олар құқықтық дауларды шешуді арнайы модельдер арқылы меңгергені абзал.
Екіншіден, қазірде цифрлық сауаттылық мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Киберқылмысқа қарсы тұру және интернеттегі алаяқтықтан сақтану дәрістерін өтуі қажет. Сонымен қатар, авторлық құқықты құрметтеу бойынша ақпараттық науқандарды көбейту маңызды. Жастар виртуалды кеңістіктегі әрекеттері үшін заң алдында жауапты екенін терең сезінгені жөн.
Үшіншіден, жастардың азаматтық позициясын қалыптастыру үшін пікірсайыс пен қоғамдық белсенділікті арттыру қолға алу қажет. Жастарды жай ғана бақылаушы емес, шешім қабылдаушы ретінде тарту маңызды. Оларды қоғамдық тыңдауларға қатыстыру және еріктілер қозғалысына жұмылдыру керек. Еркін пікір алмасу алаңдарын құру арқылы біз сауатты ұрпақ тәрбиелей аламыз. Осындай кешенді қадамдар ғана құқықтық мемлекеттің берік іргетасын қалайды.
Біз құқықтық сауаттылықты жазаланудан қорқу емес, мемлекеттің дамуына қосылған үлес деп түсінеміз. Заңды сыйлайтын, өз құқығын қорғай алатын және жауапкершіліктен қашпайтын жастар ғана әділетті қоғам құра алады. Сондықтан құқықтық тәрбие әрбір жас азаматтың тұлғалық өсуінің негізгі баспалдағы болып қала бермек.


 


 


 


Толепбергенова Айнамкөз 


ҚазҰУ-дың


3-курс студенті


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу