22.11.2025
  98


Автор: Назерке Батырханова

Көлеңкеде қалған қазына

Мұражай деуге де келмейтін, бұрынғы ауылдық кітапхананың жарты залын иемденген қарапайым ғана бір бөлмеде күзетші болып Қайырбек жұмыс жасайды. Өзі жайсаң жан, бірақ кішкене күйкі тірліктің қамытын киген, елуді еңсерген азамат. Ол үшін мұражайдағы әр зат – тарихтан сыр шертетін, салмағы алтынға татитын дүние. 


 


Бір күні мұражайға Астанадан арнайы комиссия келді. Саусағына салмақты жүзік таққан, басын төмен түсірмейтін, сөзінен гөрі сыртқы көрінісі басым Елдар есімді бастықсымақ есікті жұлқа ашты. 


 


Ол мұражайға кірген бойда төсек ағашын нұсқап: 


 


— Мынау не? Қажетсіз жиһаз. Оның рухани құндылығы қанша? Нөл! 


 


Сосын сынған домбыраны көрді: 


 


— Мынау ағаш – отын. Оны музейде ұстау – квадрат метрді босқа шығындау. Одан да мында қазіргі заманғы суреттерді ілмейміз бе? Трендке сай болу керек, Қайырбек! 


 


Қайырбектің көрген көзі қарасынан шығып, естіген құлағы шуылдап кетті. Ол төсек ағашын ата-бабасынан қалған өшпес мұра  деп білетін. Домбыраны – ұлттың үнін жеткізген киелі мүлік деп санайтын. 


 


— Шырағым, бұл төсек – көненің көзі. Мынау сынған домбыраның үні – сенің қуыршақ сөздеріңнен әлдеқайда шынайы әрі салмақты. Сіздер, қазіргілер, заттың бағасын сұрайсыздар, ал біз – құнын білеміз. Баға – өзгермелі, құн – мәңгілік. 


 


Елдар тарқылдап күлді. 


 


Қайырбектің бойын ашу-ыза кернеді. Аз ғана артық әрекет жасаса, ұрып жіберердей күйде тұрды. Бірақ өзін ұстауға тырысты. 


 


— Аға, қазіргі заман құндылықты емес, экономикалық тиімділікті сұрайды. Біз мұражайды инвестициялық жобаға айналдырамыз! Қайдағы жоқ ескі құсқыларды жинамаймыз. 


 


Комиссия кетті. Елдардың қорытындысы бойынша мұражай жабылды. Ескі жәдігерлерді қоймаға тықты, ал залға бір күндік көрме қойылды. Ондағы суреттер – түсінікті де емес, түсініксіз де емес, тек қымбат еді.


Батырханова Назерке Ертайқызы 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу