Әңгімелер ✍️
Камераның сиқыры
Әкем қалада жұмыс істейді, үйге сирек келеді, ал анам таңнан кешке дейін жұмыста. Сондықтан көбіне үйде жалғыз қалатынмын. Бір күні мектептен үйге қайтып келе жатып, аялдамада отырған әлдебір ақ шұнақ кемпірді көрдім.
— Қызым, суретке түсесің бе? Тек бір рет басам… — деді ол баяу үнмен.
Басында бойымды үрей биледі. Бірақ камераның әдемі түрі бірден көңілімді баурап алды.
— Жарайды, — деп келісімімді бердім.
Кемпір камераны көтерді. Линза бір сәтке күн сәулесін шағылыстырып, жүзіме жұмсақ жарық түсірді. Бір басқаннан-ақ әдемі сурет пайда болды. Рақмет айтып, өз жолыммен жүріп кеттім. Бірақ артыма қарағанда… кемпір жоқ еді. Аялдама да, адамның ізі де көрінбейді. Денем түршігіп кетті. Жүрісімді жылдамдатып, үйге жетуге асықтым.
Үйге келген соң көңілім мазасызданып, жүрегімнің дүрсілі жиілеп кетті. Түнде ұйықтай алмай, күндіз кездескен кемпір ойымнан кетпей қойды.
— Тұра ғой, Ақнұр, сабаққа кешігесің…
Бірақ бөлме… бос еді. Төсек салынбаған, терезе ашық, Ақнұр жоқ. Бағила дереу полиция қызметкерлеріне хабарлады. Себебі қызының себепсіз кетіп қалатын жаман әдеті жоқ еді.
Ақнұрдың жоғалғанына бір апта толғанда, ауыл шетіндегі арықтың жанынан бір ғана зат табылды — кішкентай, сүйкімді көк түсті жұлдызша алқа. Оны Ақнұр ешқашан шешпейтін. Бағила сол алқаны қолына алып, көз жасын тыя алмады.
Арада айлар өтті. Іздеу тоқтады. Тек Бағила әр кеш сайын Ақнұр жоғалған күнгі бағытқа ұзақ қарап отыратын.
Бір күні кешкісін оның есігінің алдына шағын конверт тастап кетіпті. Конверттің ішінде бір ғана сурет болды. Суретте — күнде көріп жүрген аялдама. Ортада — Ақнұр күлімдеп тұр. Бірақ оның артындағы көлеңке… адамға ұқсамайды.
Суреттің астына бір-ақ сөйлем жазылған:
Уақытты кері қайтара алмайсың…
Бағила бұл жайтты дереу полиция қызметкерлеріне хабарлады. Бірақ бұл әрекеті ешқандай нәтиже бермеді. Камера ұстап тұрған кемпірді ешкім көрмеген, тіпті аялдамадағы камерада да, көліктегілерде де ондай адам болмағаны анықталды.
Тек түнде жалғыз отырып, суретке ұзақ қарап, ақырын сыбырлайтын:
— Қызым, қайда жүрсең де… аман жүр…
Ал Ақнұрдың өзін ешкім көрмепті. Бірақ кейбір адамдардың айтуынша: түнде аялдамада кейде көк жұлдызша алқа жарқ етіп көрініп, қайта жоғалады екен…
Батырханова Назерке Ертайқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇