Өлеңдер ✍️

  20.11.2025
  99


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Күрсінбегін

 


Күрсініп сала бердің сонша неге?
Көңіл-күйім болмай тұр онша деме.
Жүректің жаурағаны қиын, білем,
Түк те емес жәй ғана тоңса дене.


Дұрыс-ау, есті жиып сілкінгенің,
Жарамас болмашыға күрсінгенің.
Ақтарып ал шеріңді, жеңілдейсің,
Қажет емес мұңаю, құрсын дегін!


Жан екенсің жылауға мұнша жақын,
Тағдырдың ойласаңшы сын сағатын.
Алланың бар екенін есіңе ал,
Дос таппай қалғаныңда мұң шағатын.


Біз пендеміз тағдырға мойынсұнар,
Ойлама, мұның бәрі ойын шығар.
Үмітсіздік жасытар жігеріңді,
Үміттімен болсыншы ойың сыңар!


Күрсінгенмен ештеңе оралмайды,
Сенім болса, үміт те жоғалмайды.
Бұл-өмір, ағы менен қарасы бар,
Кітапта жазылғандай бола алмайды.


Солай қалқам, сенім арт жолдасыңа,
Сендей жанға күрсінген болмас, сірә.
Өзіңді өзің қолыңа ал, көтер басты,
Күрсінбегін, ренжіп болмашыға!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу