Әңгімелер ✍️
Жасанды сұлулық сәнге айналған заман
Аялдамада тұрған адамдардың бетінен таңғы салқын жел сипап өтеді. Бірақ сол салқындықты сезінетіндей жан жоқ сияқты. Қаланың күйбең тіршілігімен көшеде жүрген әрбір қыздың жүзінен бір нәрсе анық байқалатын – жасанды сұлулық. Бірі ернін үлкейткен, бірі бет сүйегін түзеткен, енді бірі ай сайынғы ем-шараларға барып тұрады.
Әсем есімді бойжеткен осы көрініске қарап тұрып, бойын жеркеніш сезімі биледі. Әсіресе соңғы жылдары әйелдер арасында сұлулыққа деген талап өзгеріп кеткендей.
Ертеде сұлулық – жан дүниенің тазалығы, жүрістің биязылығы болса, қазіргі сұлулық – бет-әлпетке өзгеріс жасаумен, кірпік, тырнақ жалғаумен өлшенеді.
Әсем осы өзгерістің ортасында өмір сүрсе де, бір сәтте қыздардың кім үшін, не үшін өзгергісі келетінін түсінген емес.
– Неге бәрі бірдей болуға тырысады? – деп ойлады ол терең күрсініп.
– Неге әр әйел өз сұлулығымен емес, айналасындағы қыздардан қалыс қалмауға тырысады?..
Үйге келген соң ол демалып, телефон қарауды ұйғарды. Желідегі суреттерді көрген сайын жан дүниесі одан сайын мазасыздана түсті: бірдей бет формасы, бірдей ерін, бірдей қас, бірдей мінсіздік.
Қанша жариялымды қараса да – бәрі бірдей.
Ал пікірлер:
– "Қандай сұлусыз!"
– "Ерініңіз керемет!"
– "Өскенде сіз секілді боламын."
Әсем өзінің табиғи бейнесін салған кезде қанша лүпіл жинайтынын да білетін. Жүздеп емес, ондап қана.
Сол үшін кейде ол да фильтр қолданғысы келетін. Бірақ айнаға қараған сайын:
"Бұл менің шынайы келбетімнен алшақ," – деп жаны қиналатын.
Адамдарға өз шынайы бейнесін көрсету қиын болып кеткен заман еді.
Бір күні құрбысы оны туған күнге шақырды. Жиналған қыздардың барлығы мінсіз сұлу болып көрінді:
– Бірі ернін жасатыпты.
– Екіншісі мұрнын.
– Үшіншісі иегін.
– Төртіншісі бетіне ботекс салдырған.
Әсемнің жүрегі қысыла бастады. Өзінің табиғи беті оларға қарағанда қарапайым көрінетін, тіпті олардың жанында ұсқынсыз болып көрінгендей болды.
– Сен де аздап түзетсеңші, – деді құрбысы Жаннұр. – Қазір бәрі жасатады. Жасанды емес, жай күтім сияқты көрінеді.
– Бірақ мен өзімді өзгертуге дайын емеспін, – деді Әсем ақырын.
Суретке түсерде де қыздар телефонды Әсемнен алыстатып:
– Мынаны фильтрсіз салмаймыз! Ертең жұрт не дейді? - деді
Осы бір сөздер Әсемнің жүрегін тіліп өтті.
"Сонда менің Алла жаратқан келбетім – ұят нәрсе ме?"
Бір аптадан кейін Әсем пластикалық операция жасайтын бөлімнің біріне кіріп шықты.
Әр бұрышта – жарнама:
"Мінсіз бет – бір күнде"
"Өз идеалыңды жаса"
"Сұлулықты бізбен баста"
Кабинеттерден шыққан қыздардың жүзінде бірдей күлкі, бірдей мұрын.
Ал олардың көздерінде... бақыт емес, бір түрлі сенімсіздік бар еді.
Әсем сол сәтте бір нәрсені анық түсінді:
Көп әйелдер әдемі боламын деп, өзінің шынайы болмысынан алшақтап барады.
Әдемілікке ұмтылған сайын – өзіне деген сенімінен айырылып жатыр.
Жасанды сұлулық олардың өмірін жеңілдетіп тұрған жоқ, керісінше, жалғандыққа байлап қояды.
Әсем бір күні әжесіне қонаққа барды. Әжесі ақшыл орамалын тағып алып, шай құйып отыр. Бетін әжім басқан, дауысы баяу шығады. Бірақ көзінің жанары сондай жылы, сондай мейірімді еді.
– Әже, әйелді әдемі қылатын не нәрсе? – деп сұрады кенеттен.
Әжесі жымиып:
– Әйелді сұлулық емес, жүрегі әдемі етеді, қарағым, – деді.
– Бетің жасанды болса, күлкің жалған болса – адам сені емес, сырт келбетіңді ғана көреді.
– Ал табиғи сұлулығымен, кіршіксіз таза пейілмен жүретін әйел ешқашан ұтылмайды.
Әсемнің көзіне жас толды.
Бұл сөздер бүгінгі қоғам санасынан ұмыт болған шындық еді.
Сол күні түнде Әсем айнаға ұзақ қарап отырды. Ол өз бетінде кемшілік емес, ерекшелік барын аңғарды.
– Менің ернім жұқа болуы мүмкін.
– Бетім мінсіз емес шығар.
– Бірақ бұл – менің келбетім.
Ол өзіне алғаш рет тамсанып қарады.
Телефонын алып, желідегі суреттерін қарап шықты. Фильтр қосылған суреттерден шаршағанын түсінді.
Содан кейін табиғи суретін жүктеді.
Тек бір сөзбен шектелді:
"Шынайылық – ең үлкен сұлулық."
Көп лүпіл жинаған жоқ.
Бірақ оған бәрібір еді.
Өйткені ол ең маңызды лүпілді – өз жүрегінен алды.
Қазір әлемде сұлулықтың өлшемі өзгеріп кеткен сияқты.
Әйелдер өз болмысынан алыстап, бір кескінге еніп бара жатқандай.
Әйелдің шынайы сұлулығы – оның мінсіздігінде емес, өзіне деген құрметінде.
Табиғилық – ешқашан ескірмейтін әдемілік.
Ал жасанды сұлулықтың ғұмыры қысқа.
Әсем секілді жүрегі оянған әйелдер көбейсе – әлем де, қоғам да өзгерер еді.
Батырханова Назерке Ертайқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇