Өлеңдер ✍️

  17.07.2025
  69


Автор: Самрат Құскенов

ЖАМБЫЛДЫҚТАР

 


(Сәбит Мұқановтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында туған ой)


Жамбылдықтар – біртүрлі жұрт, негізі,
Біртүрлінің болып жүрмін тебізі.
Ауылдағы ұлдың аузы сасық боп,
Мотивация – жат біреудің лебізі.


Жамбыл осы, ұлыларын ән қылып,
Ел алдында тұр «рухани жаңғырып».
Мерейтойда көрінеміз жарқырап,
Тұрғындары кеткенімен қаңғырып.


Үш жыл бұрын Сафуанын жоқтаған
Жерлестердің әрқайсысы – тоқ қаған.
Өткен тойдың нәтижесін сұрасақ,
Қияли деп шеттерінен боқтаған.


Биыл Сәбит ұлықталмақ, талданбақ,
Делегация құрамы да жалданбақ.
Мұражайы жалғыз қалып жапанда,
Аңқау халық жылтыраққа алданбақ.


Біздің Жамбыл жоғын бар қып шашады,
Ақырында оңбай, артын ашады.
Шеттерінен мектептері жабылып,
Аудан жұрты азайды деп сасады.


Ешкім қалмай жатса да той тойлайды,
Түймедейні түйедей қып қоймайды.
Ескі жұрты қалған елді мекендер
Тектілікті құдіретке бойлайды.


Жаза алмадым, жүректің сыз-жарасын?
Кезіп Үлгі – Амангелді арасын.
Сәбит, Ғабит, Сафуандар туған деп,
Ысырапшыл Жамбыл қайда барасың?


Даңғазалық түбімізге жетеді,
Шақырылған мейман келіп кетеді.
Шекараны бос қалдырып соңында
Бір ауылың ертеңін жоқ етеді.


Кім сөндірмек ішімдегі шоғымды?
Ұмыттым да елде жеген соғымды.
Қақ төріңе жайғасса да мың ақын,
Самрат құсап айта алмайды жоғыңды.


Әділсіздер түсірсе де құнымды,
Адал термен илеп жүрмін ұнымды.
Он бес ауыл жоқ боп соңғы он жылда,
Айдалаға айтқызғансың мұңымды.


Жамбылдықтар, несібесіз қалғанбыз,
Құнарлыны құрбандыққа шалғанбыз.
Қасиетті сөз арқылы жеткізіп,
Қасіретті қалтамызға салғанбыз.


Жамбылдықтар, жылтыр дүние тергенбіз,
Көпке көніп, жұрт қатарлы ергенбіз.
Жыртығымыз бүтінделмей жатса да,
Жат тесігін жамап-жамап бергенбіз.


Жамбылдықтар, Қожанасыр халықпыз,
Болашаққа қандай жолды салыппыз?
Ел мақтасын деп даңғойлық танытып,
Өзіміз де баспанасыз қалыппыз.


Қай мейманың шежіреңді бағалап,
Жүрер дейсің ұл-қызыңды жағалап.
Жал-жаямен екі ұрты майланар,
Ұлылардың мекені деп хахалап.


Ит те, бит те былғаса да төріңді,
Өз перзентің мекен қылар көріңді.
Жамбылдықтар мал шашқан соң бекерге,
Химикаттар қандырмай жүр шөлімді! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу