Эсселер ✍️
Тіл – ұлттың жаны: Шала қазақтан шын қазаққа дейінгі жол
Қазақ тілі – ата-бабамыздың аманаты, ұлтымыздың рухы мен жүрегі.
Мен айналамадағы замандастарыма қарап, әсіресе қазақша біліп тұрса да орысша сөйлеуді мәртебе көретін құрбы, құрдастарыма ішім ашып, налимын. Қазақ тілі тек қазақ қазақша сөйлесе ғана дамитынын, өшпей мәңгі өсетінін, әрі ұлт ретінде сол тіліміздің арқасында өмір сүретінімізді неге түсінбейтінене таңғалам әрі, налимын.
“Мен шала қазақпын”, “Маған қазақша сөйлеу ыңғайсыз” дейтін сөздерді жиі естимін. Өзінің қазақ болып туғанына ұялатындай көрінеді. Кейбір жастар қазақша сөйлеуге қысылады, тіптен ұялады, өз ойын еркін жеткізе алмайды. Кейде оларды ақтап алғым келеді. Мүмкін отбасында қазақша сөйлемейтін шығар, орта солай болған соң орысша ойлап, орыс тілде сөйлеу олар үшін ыңғайлы болар. Әйтседе ол қазақ болып өмірге келген соң өзінің ұлтының дүниесі оған бірінші орында тұру керек емес пе?! Бұл – жай ғана тілдік кедергі емес, бұл – ұлттық санаға әсер ететін үлкен мәселе деп ойлаймын. Өйткені қазақтың тілі, дәстүрі, діні, ділі тек қазаққа ғана керек, қазақ өзінің ұлт екенін айғақтайтын ұлттық құндылықтарынан айырылған күні өледі, тарих сахнасынан өшеді. Сондықтан осы жағдайды өзгерту – өз қолымызда. Шала қазақ болып туылу – тағдыр, ал нағыз қазақ болып өсу, ұлттыңның дамуы үшін титтей болса, үлес қосу перзенттік парыз, әрі бұл сенің таңдауың.
Қазір қазақ тілін үйренуге мүмкіндік көп:
YouTube-та теін сабақтар, TikTok-та қазақ тілі туралы пайдалы контенттер көбейіп жатыр, кітаптар, сериалдар, подкасттар қолжетімді.Және қазақша ортада көбірек болу – тіл үйренудің ең жақсы жолы.
Ең бастысы – ұялу емес, ұмтылу! Тіл үйренуді кеш бастау – ұят емес. Ұят – үйренуге ниетсіз болу. Біз – XXI ғасырдың жастары. Бізге білім де, технология да, мүмкіндік те керек. Бірақ түп тамырымызды ұмытсақ – ештеңеге қол жеткізе алмаймыз.
Бүгінде болып жатқан «Магнум» сауда желісіндегі оқиғадан кейінгі қоғамының оянуы, қазақ тілінің мәртебесін бір өсіріп тастады. Халықтың бірін-бірі қолдап тілді қарын қамынан жоғары қойғаны қуантты. Өкініштісі қазақтың қазаққа: «қазақша сөйле» дегені үшін арыздануы бұл – үлкен қасірет, әрі қорқынышты. Өзге емес өзіміз бір-бірімізді талап жесек, ертеңіміз бұлыңғыр, бар болуымыз, ұлт ретінде өмір сүруіміз екіталай. Сондықтан ең бірінші ұлттық сананы, ұлттық рухты оятуымыз керек-ау.
Қазақ тілі – біздің болмысымыз. Оны білу – міндет емес, “парыз”. Оны сүю – парыз емес, “мақтаныш”. Бүгіннен бастап өзімізден бастайық: сөйлей алсақ – сөйлейік, түсінсек – түсінбегенге үйретейік, үйреніп жүрсек – ұялмайық.
Дарханқызы Айгиза
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇