Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  153


Автор: Самрат Құскенов

Дубликат талант

 



Амалым қанша, "ұстаздың алдын көрмедім",
Көрмей-ақ, талап, еңбекпен шыңға өрледім.
Дос емес жау көп кескісі келген жолымды,
Бір өзім тұрып, төрді төр, көрді көр дедім.



Түзейтін жырдың ұйқасын, буын-бунағын,
Күшейтіп "ұстаз" өзінше шәкірт шумағын.
Шынайы дарын көрінбей қалар тасада,
Дубликат талант ағызса өлең бұлағын.



Дубликат талант биікке шыға алмайды,
Түпнұсқа болған "тәлімгер" ізін салмайды.
Көшірме құсап керегі болмай жатқанда,
Топ жарып шыққан шын талант жерде қалмайды.



Жыр деген адам жүрегін тербеп туатын,
Жүректен туған өлеңдер еді суатың.
Соавтор болып жарқырап жұлдыз болғанша
Шын автор болып таяқ жеу - бітпес қуатың.



Ғылымның тілін табатын аңыз ғалымдар,
(Талантты құрбан қылатын нағыз залымдар.)
Мәңгілік өлмес тау тұлға болу үшін де,
Иттікті көріп, қорлыққа төзе алыңдар.



Дубликат талант көбейіп жатыр маңымда,
"Әдемі өмір" сүру бар салқын қанында.
Ертең жоқ қылып барлығын Самрат Құскенов,
Тұрады Қадыр, Төлеген, Тұманбайлардың жанында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу