Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  244


Автор: Самрат Құскенов

Мөлдір көңіл

 



Жүзім емес, сезімнен боп шарабың,
Сүю үшін қойылды көп талабың.
Дым да ұқпас, ымыңды түсінбеген
Махаббаттан хабары жоқ адамың.



Сүйіп қалу - ерекше тебіреніс,
(Ақыл-есің кіретін еміс-еміс).
Сөзбен емес, дәлелдеп берсін іспен,
Шын сүйгеннің танылған тегі - жеңіс.



Өзгеріске бет бұрса өмірің де,
Төңкеріс те болады көңіліңде.
Жаны таза, кіршіксіз белес асып,
Сайран құрған бақыттың өңірінде.



Жан дүниесі тап-таза кір шалмаған
Адамзатқа қайғы да із салмаған.
Сабыр етіп болашақ сүйгеніңді
Күте білсең, ұлылық іңкәр саған.



Ұят пен намыс тәрбиемен сұрыпталған,
Арсыз үшін адалдық ұмыт қалған.
Иман жақсы көрген соң тазалықты,
Пәк сезімді тосады үміт алдан.



Машақатын көрсең де жолдың небір,
Арманыңды орындар сөндірме нұр.
Шынайылық биікке жеткізген соң,
Махаббаттың бастауы - мөлдір көңіл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу