Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  144


Автор: Самрат Құскенов

ТАЛАНТТЫ ЖАРЫМЕСТЕР

- Жалақысы аз театрды не үшін таңдадыңыз?
- Өнер адамдарының өйткені есі дұрыс емес...
(ДУЛАТ ИСАБЕКОВТІҢ «ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ МАХАББАТ» спектаклінен)



Біз жарымес болмасақ,
Жүреміз бе «жұрттың істеп жұмысын»?
Алтыннан да артық көріп күмісін!
Тәтті ұйқыға батқан кезде бар ғалам,
Жанымызға серік еттік түн ішін.



Біз жарымес болмасақ,
Кім ойлайды болашағын халықтың?
Кім айтады мәселесін салықтың?
Өзімізді қалдырса да тасада,
Елге сәуле төксін дейміз Жарық Күн!



Біз жарымес болмасақ,
Мұрағаттың құжаттарын саралап,
Мұражайдың әрбір залын аралап.
Жалақысы аз жұмысты қастерлеп,
Жүрмес едік жанымызды жаралап.



Біз жарымес болмасақ,
Тумас едік руханияттың бағына,
Театрдан таппас едік мағына.
Басымызға бір баспана болғанша,
Алдамшы боп тұрмас еді сахына.



Біз жарымес болмасақ,
Өнердің де не екенін білмес ек,
Құндылығын санамызға ілмес ек.
Көңілінен шығамыз деп Алаштың
Сеніміне ешқашан да кірмес ек.



Біз жарымес болмасақ,
Бағдар қылмай телеарна, газетті,
Іс қылар ек өзімізге қажетті.
Бірақ, ішкі жан дүниеміз бай болып,
Имандылық жанымызды саз етті.



Біз жарымес болмасақ,
Сезбес едік, өмірдегі бақытты,
Тербей алмай жүрер едік жақұтты.
Алмастырып денсаулық пен ақшаны,
Бостан-босқа өткіземіз уақытты.



Біз жарымес болмасақ,
Өтер едік бұл жалғаннан қор болып,
Ішкен-жеген қарнымызға сор болып.
Көпшіліктің көзайымы болған соң,
Көрінеміз бәрінен де зор болып.



Таланттымыз, дарынбыз,
Жарқыраған сайран құрып кешіңде,
Болмысымен алып жұрттың есін де.
Есі дұрыс емес өнер адамы –
Тұлға – елдің мәңгі қалар есінде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу