Өлеңдер ✍️
СӘН ЖӘНЕ МӘН
Білгенімді бұққан сайын өрледім,
Жалған сөйлеп, еңбек етпей төрледім.
Сән қуалап жүргендердің ішінен,
Мән іздеген тірі жанды көрмедім.
Диплом бүгін адамзаттың сәні боп,
Құр қағазға айналғандай мәні жоқ.
Жоғарылап жатқанымен дәрежең,
Елің үшін бола алмайды жаның – от.
Баяндама жасап талай жиында,
Арттырамыз лауазымның сыйын да.
Ісіңнің көзбояушылық екенін
сезбейсің, түк болмаған соң миыңда.
Ән қаптады жазылмаған нотасы,
Жасалатын фонограмма додасы.
Бағындыра алмаса да шыңдарын,
Жарқ-жұрқ етіп көзге түсер фотосы.
Аталар көп, көкіректі ашпаған,
Аналар көп жанның нұрын шашпаған.
Баласына көңіл бөлем дегені –
Сауда үйі, дәмханадан аспаған.
Баба сөзін жатпаған соң талқылап,
Сана-сезім ақыл құймас сарқырап.
Бір-бірімен сөйлеспейтін жақындар,
Тұр суретте күлім қағып, жарқырап.
Адамдар-ай, өтірікке дәндеген,
Сыртын жақсы көрінуге сәндеген.
Ар алдында еш ұялмастан тұрардай,
Бұл өмірде ұғым бар ма Мән деген?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇