Өлеңдер ✍️
ҚОҒАМ МЕН САЯСАТ
Боқ дүниені көршіңе қимағаның –
Пенделіктен өзіңді тыймағаның.
Пайда беріп халқына жарытпаған,
Қазымұрдың қайтеміз жинағанын?
Саясаттан қатады басымыз да,
Қор боп бітті кәрі де, жасымыз да.
Темірторға түсіріп ердің бәрін,
Өкшеқұлдар қаптап жүр қасымызда.
Құрбан қылып өмірдің жастығын да,
Үлгереді жымқырып астығында.
Шыр айналып жүреді қызметкерлер,
Дүниенің тетігі бастығында.
Не қалыпты алардай болашақта?
Болмай қойды біз жүрген қоғам ақта.
Ұлттық қор да ұрынар тастан-тасқа,
Үсті-басын мұнаймен орасақ та.
Бір-біріне оңдырмай тұсталғандар,
Молшылықтың балын да құштарғандар.
Телеарна, газетке көз салғанда,
Қатар-қатар тізілген ұсталғандар.
Қылмыс жасап ай-күннің аманында,
Тасжүректің жазылдық романында.
Ұрпағымнан туғаным үшін ұялам,
Парақорлар, жемқорлар заманында.
Аяз болып көңілдің сәуірінде,
Көрген жоқпыз қызметтің тәуірін де.
Кем тұсымыз ұрпақтың талқысында –
Жүргеніміз арсыздар дәуірінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇