Өлеңдер ✍️
АҚЫНДАР МЕКТЕБІНІҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ТАЛАПТАРЫ
(МЫСҚЫЛ)
Сөз басы:
Жырдың назар аудармай азабына,
Бірден жеткен өнердің ғажабына.
Топты жарған тұлпарға айналады,
Күнделікті қатысса сабағына.
Ұстаздың міндеті:
Шәкіртінің жұлдызын жағып беру;
Өмір бойы адаспас бағыт беру;
Шапанын да тіктіріп тапсырыспен,
Ақын деген айдарды тағып беру;
Шәкірт үшін биіктен құлай білу;
Шаппай қалса еңкілдеп жылай білу;
Абыроймен қайтатын додалардан,
Қазылардан бір орын сұрай білу;
Сөз жазу да жатады міндетіне,
Жарайтындай халқының қызметіне;
Қамтамасыз етеді ақшамен де,
Шалдықпа деп руханият індетіне;
Шәкірттің міндеті:
Жатқызса да бойына Әбілетін,
Тастап кетпеу мектебін қапы етіп;
Категория қажет деп ұстазыма,
Көрсетпейді өзінің қабілетін.
Сондықтан да жазғанын жаттау керек;
Керек десең, ардан да аттау керек;
Мектеп үшін сахнаға шықса болды,
Қалғандарын ағайға тастау керек;
Өз ойымды айтам деп бүлдірмесін;
Пікірін де ешқашан білдірмесін;
Аяқ асты майданнан шеттетіліп,
Ақталмаған үміт деп күлдірмесін;
Ұстаздың талабы:
Оқушысын жерге еш қаратпайды;
Қорғаны жоқ таланттай талатпайды;
Отыр десе, отырып, жүр десе, жүр,
Қарсылықты ол мүлде жаратпайды;
Көрсетпейсің өзіңнің арыныңды;
Қанша жерден алсаң да тәліміңді;
Сара жолмен келмесең салып берген,
Бір-ақ күнде жоқ қылар дарыныңды;
Ештеңе емес кетпеген балалығың,
Өте жақсы бар болса шалалығың.
Орындаушы боп жүрсең, мәртебең зор,
Қажет емес өзіңнің даралығың.
Шәкірттің талабы:
Қабылдана қоймайды талаптары,
Өткізілсе мектептің сабақтары.
Айрылады, әйтпесе, жұлдыз шақтан,
Жүр атақты болуды қалап бәрі.
Жас талантты ешкім де күндемейді,
Жыбырлатып жүрген соң құр көмейді.
Өшкісі кеп жүргендер тайталасар,
Өскісі кеп жүргендер үндемейді.
Елден озық болса да қасиеті,
Ұстазының алдында бас иеді.
Қуылғанның ақындар мектебінен,
Шекесіне бақ емес тас тиеді.
Сөз соңы:
Талай талант осылай қор болады,
Әр кез алды – жар, арты – ор болады.
Мүлдем құрық тимеген асаулардай
Ұстазы жоқ хас дарын зор болады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇