Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  1085


Автор: Еркін Оралбайұлы

ӨМІР ҚЫЗЫҚ

 


 


Өмір қызық бірде күн де, бірде түн,


Адам бар ма сырын мұның білетін.


Кездерің бар мұңға батып, жабығып,


Күдер үзіп бұл өмірден жүретін.


Ал бір кезде бас айналып бақыттан,


Жас балаша шаттанып бір күлетін.


 


Өмір кейде аяғыңнан шалады,


Жанды қинап у жыланша шағады.


Түңілдіріп бұл жалғаннан кей кезде,


Көкірекке қайғы отын жағады.


Жабырқаулы қу көңілің жүрерсің,


Айырылғандай қымбат заттан бағалы.


 


                   *    *    *    *


 


Өмір кейде қуантады бақыт сыйлап,


Шаттық сыйлар, азғана уақыт қинап.


Көкке ұшып көңілің сезінерсің,


Қазынада жүргендей жақұт жинап.


Жүз жасың да аз болар адамзатқа,


Тəтті өмірдің қызығын қайтіп қимақ.


 


Өмір өзі осындай алма-кезек,


Бар қызығым көретін алда десек.


Дұрыс болмас өмірге кінə артып,


Бұл дүние өтірік, жалған десек.


Қиналсаң да шүкір ет, тəубə дегін,


Бір күндері береміз Аллаға есеп.


 


Еркін Оралбайұлы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу