Өлеңдер ✍️
ӨЗІҢДІ ЖӨНДЕ
Көреріміз өмірде алда десек,
Берер кезің көбейер арға есеп.
Іс түскенде басыңа ұғынарсың,
Бұл дүние екенін алма-кезек.
Өмір мына тұрады күресуден,
Аса алмас кейбірі күл көсеуден.
Түңілетін өмірден кезің болар,
Осылайша жалығып күн кешуден.
Налып кейде ренжірсің тағдырыңа,
Тағдыр сені алғандай тап қырына.
Өкпелеген жөн болмас жатып алып.
Қоймады деп астыма тақ құрыла.
Бəрі жетер ерінбей еңбек етсең,
Білімнің де, шыңына ендеп жетсең.
Ісің жүрмес алдыға тырыссаң да,
Өтірік, өсек, бос сөзді ермек етсең.
Дандайсыма мал бітсе аласұрып,
Қоздамасын ішіңде жала өршігіп.
Қызмет ет халқыңа адал жүріп,
Ұрпақ қалдыр өнегелі бала өсіріп.
Құмарланба қызығып əр дүниеге,
Дүние жеп қызығу тəн күйеге.
Саған қарап өседі туған балаң,
Сол себепті өзіңді тəрбиеле.
Еркін Оралбайұлы 30.03.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇