Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  334


Автор: Еркін Оралбайұлы

АРМАН

 


 


Аңсап жүрген арманы бар əркімде,


Батыратын ой түбіне əр түнде.


Орындалмас болса егер арманы,


Болар дейсің күліп жүрер хал кімде.


 


Келері анық мұң өмірге дəн тіге,


Үймелеген көк шыбындай тəттіге.


Арман қылар əр нəрсені бұл өмір,


Адам жанын қинауға əлде, тəнті ме?


 


Қол жетпесе арман биік көгіне,


Қайғырарсың көзден жасың төгіле.


Түңілерсің кейбір кезде арманның,


Көзің жетіп жетпесіңе түбіне.


 


Көз салсаңыз бұл өмірге үңіле,


Болмайды екен қайғыруға түңіле.


Жеткізбестей болса-дағы арманың,


Із қалдырар əрбір өткен күніңе.


 


Қадірлемей бақытты біз тапсақ та,


Таласамыз елден асып жақсы атқа.


Пайдасы бар мұңы басым сол арман,


Ұласса егер ұмтылатын мақсатқа.


 


                *    *    *    *


Алла өзі жаратқан соң əділетті,


Бар періште Адамға тағзым етті.


Хайуаннан артығы адамзаттың,


Армандап, ойлай білу қабілеті.


 


Еркін Оралбайұлы  27.06.2018


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу