Өлеңдер ✍️
Арнау
ҚЫРЫҚПЫШЕВ МАДИЯР ӘБЖӘЛЕЛҰЛЫ бауырымызды еске алу.
Көз көріп бір сәтте өмір өзгергенді,
Бергендей тағдыр өмір өзге реңді.
Кетсе де бізді тастап бұл фәниден,
Жақынын кім ұмытар көз көргенді.
Алла өзі сүймейді ме, жақсы құлын,
Көрсетпес мейірімнің тапшылығын.
Бірер сөз қыршын кеткен жан туралы,
Айт деген ғой жақсының жақсылығын.
Таусылмасын қалғандай сабыр жетім,
Жапқан кезде топырақ қабір бетін.
Болса да жас, білікті азаматтың,
Ел таныған дарынды, қабілетін.
Кейде қайғы бақыттан жолда озар,
Ажал жетсе шығармас, ол да құзар.
Отбасы қызығын да көре алмай,
Кетті өмірден отызда орда бұзар.
Бұл ажалдың шалмасы тасталғанда,
Ауыр тиер бауырға жасты алғанда.
Айтып келмес қапыда ажал жетті,
Енді ғана шын өмір басталғанда.
Емес пе едің шаңырақ, қос ағасы,
Өмір атты көліңнің бос жағасы.
Жұбайыңмен бір кетіп бұл фәниден,
Отауыңның сөгілді босағасы.
Жазғаны ма тағдырдың маңдайыңа,
Сұм ажалдың кез келіп таңдайына.
Өздеріңді сағынып еске аламыз,
Лағынет деп сол жаздың қанды айына.
Көз жетсе де тағдырдың жалғанына,
Нала болдық, Алла ерте алғанына.
Сенен қалған өмірді жалғастырар,
Тәубе дейміз тұяғың қалғанына.
Періште бол сәбиді қорғап жүрер,
Өздеріңді бір Алла қолдап, жебер.
Құран- дұға бағыштап отырармыз,
Басқа бізде шара жоқ қолдан келер.
Еркін Оралбайұлы 29.09.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇