Өлеңдер ✍️
ӨМІР ӨТКЕН КҮТУМЕН
Еш кетпейсің күдіз-түні көңілден,
Сені көрер түсім жақсы, өңімнен.
Бірде жақын, бірде алыс армансың,
Армандаумен өтемін бе өмірден?
Бір нəзіктік есілгендей үніңнен,
Сəуле шашып жүрегіме үңілген.
Өзіңді аңсап, бір көруге зар болып,
Кездерім бар бұл өмірден түңілген.
Жүрек мынау сағыныштан тілінген,
Əр сөзімнен шын сезімім білінген.
Ет жүрекке сені аңсап іздеген,
Сағынышпен қайғы қатар ілінген.
Ынта, ойым хабар күтіп түрілген,
Сыр ұға алмай, кейде əсем түріңнен.
Болам ба деп жүрегімде сезік бар,
Көптің бірі жолы болмай сүрінген.
Өтпей күндер бірі ауыр, бірінен,
Тағдыр сыйы маған осы берілген.
Нәзік сезім ұмыт болған жүрекке,
Сені көріп қайта жанған, тірілген.
Мазаны алып жүрегімді түртумен,
Өмір өткен сенен хабар күтумен.
Кейде күдер үзуге шақ қалғанда,
Үміт берген санам маған күт деумен.
Еркін Оралбайұлы 16.03.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇