Өлеңдер ✍️
ҰНАТҚАНЫМ ТЕК СЕН ДЕП
Бақыт берген Алла бізге күлсін деп,
Тек бақытсыз күңіреніп күрсінбек.
Бұл жалғанда адамзатқа тəн сезім,
Махаббатсыз бұл өмірді кім сүрмек?
Бұл махаббат есті алар тылсым кеп,
Жібергендей ет жүректі тілсін деп.
Маған тағдыр сол сезімді сыйлапты,
Нəзік сезім қасіретін білсін деп.
Сезім күшін алғандай бір өткірлеп,
Жанды тіліп, жараланып өткін деп.
Буырқанып ішке сыймас сезімді,
Шешім еткем өлеңменен төккім кеп.
Кейбіреуге бұл махаббат шын ермек,
Шын ұнатсаң өміріңе сын келмек.
Дəмін көріп бұл сезімнің түсіндім,
Сенсіз өмір екен маған тым кермек.
Аспандағы айым болған күнсің деп,
Сені аңсаумен, күнім өтіп жүрсін деп.
Елестетсем көз алдыма бейнеңді,
Жүрек шіркін қоя берер дүрсілдеп.
Сені іздеп жүрек соғып бүлкілдеп,
Нəзік сезім билеп алған біртіндеп.
Күтуменнен күн өткізіп мен жүрмін,
Ұнатқанын айтар ма деп бір күн кеп.
Құлағыма сыңғырлаған күлкің кеп,
Ойша айтам тағы жаным күл-күл деп.
Жан қиналар сағынғанда өзіңді,
Қайғы толып жүрегіме кілкілдеп.
Сенсіз менің өміріме түн төнбек,
Жүрегіме жылу берер күн сөнбек.
Жалғыз сенсің жүрегімнің қалауы,
Сенен басқа сезіміме кім сенбек.
Тағдырыма айтар менде өкпем көп,
Құса берген жүрегіме көктен кеп.
Жұбатамын кейде өзімді, талайлар,
Сүйгендерін өмір бойы күткен деп.
Еркін Оралбайұлы 31.03.18.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇