Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  119


Автор: Еркін Оралбайұлы

ЖҮРЕГІМНІҢ ТҮКПІРІНДЕ

 


 


 


Таң атқандай жарық түсіп түн түріле,


Көкжиектен шапақ шашып күн көріне.


Алғаш сені көргеннен- ақ өзгергенмін,


Кеткендей боп бар өмірім төңкеріле.


 


Кербез басып өте бердің сен керіле,


Қиғаш қасың маңдайыңда көмкеріле.


Айдай сұлу ақ жүзіңе тəнті болып,


Жүрегімнен жыр туғанды тең өріле.


 


Сыңғырлаған əдемі- әсем күлкі үніңде,


Сезім келген ұқсап күннің күркіріне.


Амалым жоқ енді отырмын құлақ салып,


Жүрегімнің сені іздеген күңкіліне.


 


Өмір бұрын босқа сонда өткені ме?


Гүл өсірмей махаббаттың көктеміне.


Мəпелеген ақ гүліме қол жеткізбей,


Тағдыр маған шынымен- ақ өкпелі ме?


 


Көп болды-ау хабарласпай кеткеніңе,


Ғұмыры аз гүл жүрекке еккені ме?


Қайтсем болар ет жүректі кеудемдегі,


Əрі-сəрі күйде қалған текке міне.


 


Сезімнің көтере алмас жүк түбінде,


Жария етпе сезіміңді, бүк тіліңде.


Саған деген сезімім қалар мəңгі,


Жасырынып жүрегімнің түкпірінде...


 


Еркін Оралбайұлы   25.05.2018




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу