Өлеңдер ✍️
СЕЗІМ КЕЛСЕ
Бұл өмірде армандар көп орындалмас,
Əттеген-ай, өкініш көп орын толмас.
Əрбір адам бұл сезімнің дəмін татар,
Болмаса егер жүрегінің орнында тас.
Сезім келер біреуге ерте, біреуге кеш,
Жүрек тіліп, таппағандай іреуге еш.
Қателессең бір сүрініп бұл өмірде,
Жағдай болар аяғыңды тіреуге кеш.
Сезім келсе дүниені ұмыттырып,
Ұрынарсың бұрыстығын ұғып тұрып.
Ғашықтардың көзі соқыр дегені рас,
Тек сол жанды ұнатарсың ұлық қылып.
Сүйгеніңді бар жақсыға теңестіріп,
Жүрек толқыр, көңіліңе елес кіріп.
Махаббат пен қайғы- мұң қатар келер,
Тағдыр бірдей бергендей бір үлестіріп.
Еске алсаң қуанарсың көзің күліп,
Тіл байланар кездескенде сөзің іріп.
Қу жаныңды қоярға жер таппассың,
Көп көрмесең, түгесіліп төзімділік.
Əр нəрсеге болардай бір керек себеп,
Бар тіршілік иесінен ерек жебеп.
Сүйе білу сезім сыйлап адамзатқа,
Алла өзі жаратқан ғой ерекшелеп.
Еркін Оралбайұлы 17.06.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter