Өлеңдер ✍️
САҒЫМ СЕЗІМ
Өміріме шуағын төккен бақ қып,
Мені келіп өзіңмен өпкен бақыт.
Саған деген сезімін жүрегімнің,
Ұмыттыра алмаған өткен уақыт.
Сені есіме түсіріп жүрек балқып,
Бақыт тілеп өзіңе тілек шалқып.
Сағынғанда көңілді мұң басады,
Өміріме кіргендей түнек қалқып.
Беріпті Алла аямай саған сымбат,
Тәтті қылық, еркелік бағаң қымбат.
Хабарласпай кеткенде уайымдаймын,
Айналардай адамға маған тым жат.
Сағыныштан қиналсам жаным сыздап,
Жүрек тоқтап қалардай қаным мұздап.
Дәмі өмірдің өзіңсіз кермек тартар,
Тастағандай тәп-тәтті балын тұздап.
Кетті ме әлде, біржола бағым ұзап?
Тағдыр ерке сезімнің лағын тұсап.
Көрінгенмен қолыма ұстатпайсың,
Бұлдыраған жеткізбес сағым құсап.
Ет жүрекке қалғандай шемен қатып,
Саған жетер кеткендей кемем батып.
Арман болып бір көру келбетіңді,
Ащы дәмін сағыныш келем татып.
Еркін Оралбайұлы 8.10.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter