Өлеңдер ✍️
ҚЫРЫҚ БЕСТЕ
Бозбалалық билесе қылық есті,
Таңға жүрер қызықты қылып кешті.
Өте шығып құйындай соның бәрі,
Ауқымдадым мінеки қырық бесті.
Өмір заңы, бойдағы жығып күшті,
Ерке мінез көңілден шығып көшті.
Әрбір өткен күнменен алаң қылар,
Бір өкініш жатқандай сығып төсті.
Кеше ғана жеткен ем қырығына,
Егделіктің ілігіп құрығына.
Қырық бесте күндерің өтеді екен,
Алаңдаумен баланың қылығына.
Орта жастың қонған соң тұғырына,
Алла берген тәубе деп ғұмырына.
Ұққанмын әрбір атқан ақ таңыма,
Татымасын қу дүние құны мына.
Бетке алып белгілі құбыланы,
Жайнамазға пенденің жығылары.
Иман түзеп түскелі хақ жолына,
Болып өмір өзгерген шұғылалы.
Жан қартайып дегенмен сағы талды,
Егделіктің самайды ағы шалды.
Ойлы-қырлы өмірдің соқпағының,
Көбі кетіп, азайған жағы қалды.
Еркін Оралбайұлы 10.01.2019
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇