Өлеңдер ✍️
САҒЫМ АРМАН
Бәрі жетпес арманға көздегенмен,
Басқа салса не істерсің төзбегенмен?
Кездессе де жолымнан мың кедергі,
Кінә іздемей күрестім, өзгеден мен.
Бой бермегем ашуға ол, емес егем,
Кінәм болса мойындап, егеспегем.
Қатты батқан жаныма, бақ дегенім,
Сағым болып шыққаны елестеген.
Астым талай өмірде шың, белестен,
Тағдыр салса көндіктім, дым деместен.
Қолдағы бақ бүгін бар, ертесі жоқ,
Өмір осы құралған мың елестен.
Қарсы жүрдім дауылға теңселместен,
Тағдыр атты жолымды семсер кескен.
Ұшып кеткен уыстан ақ арманым,
Қалай ғана шығарам сені естен.
Айналдырып бітпес ой келсең кешпен,
Қайғы-мұң жүр, жүрекке енсем дескен.
Таудың басын шырмаған қара бұлттай,
Бас көтертпей сол бір ой еңсемді езген.
Дұрыс еді қайғы аулақ жүрсең бізден,
Көңіл түсер сағымды көрсем түзден.
Қалар ма екен жеңілдеп жүрек шіркін,
Өлең қылып сырымды өрсем сөзден.
Еркін Оралбайұлы 11.02.2019.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter